НАУҚАСҚА ҚЫМБАТ ДӘРІ ҰСЫНАТЫН ДӘРІГЕРЛЕР МЕН ФАРМАЦЕВТЕР ЖАЗАЛАНАДЫ
Енді науқастан ақша жасайтындардың жолы кесіледі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сілтеме жасаған КТК арнасы хабарлады.
Елімізде сырқат адамдарға қымбат дәрі тықпалайтын дәрігерлерге заңмен жаза қолданылады. Денсаулық сақтау министрлігі арзан отандық дәрінің орнына бағасы жоғары шетелдік өнімді сататын дәріханаларды да сабасына түсіргелі жатыр.
Өйткені басы ауырып, балтыры сыздағандарға дәрігерлер мен фармацевттер шұбатып дәрі жазуға әуестеніп алған. Алдымен танымал компаниялардың қымбат препараттарын тықпалайды. Сөйтіп дерті жанына батқан науқастың ақша аямасын біліп, соңғы тиынына дейін сыпырып алады. Енді министрлік оңай олжаға құныққандарды әкімшілік жазаға тартпақ. Тиісті заң жобасын Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеп, күзге дейін Парламентке өткізеді.
-Бұл саланы қадағалап отырған Фармация комитеті мен Қоғамдық денсаулықты сақтау комитеті бар. Ал тиісті шара қолдану үшін бірінші кезекте азаматтардың шағымы керек,– деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.