ҚАЗАҚСТАНДА СЫРТҚЫ КЕЛБЕТКЕ ЕРЕКШЕ ТАЛАПТАР ЕНГІЗУ МӘСЕЛЕСІ ПЫСЫҚТАЛУДА
Қазақстандықтар біздің дәстүріміз бен заман талабына сай киім киюі тиіс. Бұл туралы ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясында ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев айтты, деп хабарлайды primeminister.kz.
Мемлекет басшысы ҚМДБ басшыларымен кездесу барысында сақалдарын өсірген және шалбарлары қысқартылған жігіттердің, сондай-ақ қара киім киген қыздардың сыртқы келбеті біздің дәстүрімізге сай келмейтінін айтқан болатын.
«Әрине, бізде әр азаматтың өз қалауынша киіну құқығы сақталады. Сонымен бірге, біздің халқымызға тән емес ережелерге бағынатын азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет», – деп атап өтті Н.Ермекбаев.
Министр өз азаматтары мен шетелдік туристердің киімдеріне қатал талап қойылған Таяу Шығыс елдерін мысалға келтірді. Оған қоса, діни ұстанымдары өзге адамдар осы елдерде сыртқы келбетке қатысты қабылданған ережелерге бағынады.
«Бұл өте маңызды мәселе. Біз оны сарапшылармен және мамандармен бірге жан-жақты пысықтаймыз. Үкімет пен азаматтық қоғам дұрыс, салмақты шешімге келеді», – деп түйіндеді Н.Ермекбаев.