ЕЛБАСЫ ШЫМКЕНТТЕГІ ЕКІ НЫСАНДА БОЛДЫ
Бүгін Оңтүстік Қазақстанға жұмыс сапары барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық ғимараты алдында бой көтерген «Қазақ еліне мың алғыс!» монументін көрді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.
Монумент өңірдің 20 этномәдени бірлестігінің бастамасымен салынған, ол түрлі ұлттардың қазақ халқына деген алғысы мен адал ниетінің нышаны болып саналады. Нұрсұлтан Назарбаев көпұлтты мемлекетіміздегі түрлі ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің достығы тәуелсіз Қазақстанның басты байлығы екенін атап өтті. Қазақстан Президенті «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі мен өңірдің этномәдени орталықтары орналасқан Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратымен танысты. Мемлекет басшысының назарына этномәдени бірлестіктер өкілдерінің орындауындағы «Бірлігіміз жарасқан» деп аталатын музыкалық композиция ұсынылды.
Осыдан кейін Мемлекет басшысы Шымкенттегі терезеге арналған алюминий бұйымдарын жасауға маманданған «Gold Aluminum» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметімен танысты.
Елбасы ақпараттық стэндтер мен экспозициялық үлгілерді көріп, кәсіпорынның жұмыс жоспарлары жөнінде мәлімет алды.
- Жеке өндіріс ашып, импортталатын тауарлардың орнын басу - еліміздің экономикалық дамуының қазіргі кезеңіндегі маңызды міндеттің бірі, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Елбасы компания қызметкерлерімен әңгімелесіп, жұмыстарына табыс тіледі және кәсіби жетістіктерге жетуіне ниеттестігін білдірді.