ЕЛБАСЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВТЫ ҚАБЫЛДАДЫ
Кездесу барысында Мемлекет басшысына «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауды іске асыру бағытында Үкіметтің атқарып жатқан жұмысы туралы есеп берілді, сондай-ақ 2017 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша мемлекеттік және салалық бағдарламалардың орындалуы жөнінде мәлімет ұсынылды.
Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін бекітілген даму бағдарламаларын іске асырудың маңыздылығын, олардың орындалуына сапалы бақылау жасау қажет екенін атап өтті.
– Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша еліміздің экономикасы 3%-ға өсті. Бұл – бағдарламаларымыздың жүзеге асырылу нәтижесі. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру қажет және жыл соңына дейін көрсеткіштерді арттырып, оларды тиімді деңгейде сақтап қалу керек. Бұған қажетті алғышарттар бар, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Елбасы алдағы іс-шаралар жайына тоқталып, оларды ойдағыдай өткізу үшін жан-жақты дайындық пен бақылау жүргізу қажет екенін айтты.
– Таяуда Қазақстанға Түрікменстан басшылығының сапармен келуі жоспарлануда. Алдымызда Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі бар. Сонымен қатар, еліміздің одан әрі дамуының басты мақсаттары туралы да ұмытпау керек, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалада қойылған міндеттерді іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан Президенті алдағы жұмыстар аясында Үкіметке жүктелген жауапкершіліктің жоғары екеніне тоқталып, бұл үдеріске жұртшылықты, соның ішінде зиялы қауым, жастар, үкіметтік емес сектор өкілдерін тарту қажет екенін айтты.
– «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақала көп жылдан бері ойда жүрген болатын. Қазіргі уақытта мақалада қойылған міндеттерді нақты іске асыру жөніндегі жоспар әзірленуде. Қаражат қажет ететін жобалар да бар. Алайда, олардың көбі республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді қажет етпейді, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы көптеген қазақстандықтардың айтылған бастамаларды қызу қолдап отырғанына назар аударды.
– Күн сайын маған еліміздің әр өңіріндегі жұртшылық өкілдерінен мақаладағы ұсынылған шешімдерге қолдау білдірген көптеген жеделхаттар келіп жатыр. Олардың қатарында түрлі шығармашылық ұжымдар, зиялы қауым өкілдері және жастар да бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті рухани жаңғырудың белгіленген бағыттары бойынша жүргізілетін жұмыстар жоғары сапалы деңгейде орындалуға тиіс екенін атап өтті.
Б.Сағынтаев Елбасыға бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіштердің өсіп келе жатқаны туралы баяндады. Премьер-Министрдің мәліметіне сәйкес, өнеркәсіптің тау-кен саласындағы және қайта өңдеу секторларындағы көрсеткіштер жоғары деңгейге жетті.
Сондай-ақ, Б.Сағынтаев Мемлекет басшысына Үкімет әкімдіктермен, ірі холдингтермен және компаниялармен бірлесіп қолға алған технологиялық жаңғыру жөніндегі жол қартасының әзірлену барысы туралы мәлімдеді.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нақты тапсырма берді.