ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНДА ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ АКТИВ ӨТТІ
Қызылорда қаласы әкімдігінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын талқылау, насихаттау бойынша қаланың идеологиялық актив отырысы өтті.
Актив отырысында 4 қатысушы хабарлама жасап, филология ғылымдарының докторы, профессор Жеңіс Сәдуақасұлы латын әліпбиіне көшудің логикасы бойынша пікір білдірді.
-Латын әліпбиіне көшудің тіліміз үшін пайдасы мол. Ең алдымен тіл әуезділігін сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, терминология жүйесін біріздендіруге де берері көп. Қазірдің өзінде тіл мамандары тарапынан сан түрлі пікір айтылуда. Сонымен бірге, бұл көп қаржыны талап ететін жұмыс. Дегенмен, біз тілдің болашақ жағдайын да ойлауымыз қажет, - деді ғалым.
Хабарламашылар тарапынан мақала туралы жалпы түсінік беріліп, ұлттық сана, ұлттық кодты сақтау, прагматизм қағидасы оның ішінде ысырапшылдық пен астамшылдық, ұлттық бірегейлік негіздері туралы сөз қозғалды.
Актив қорытындысында Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаев мақаланы ақпараттық-насихаттау мен Елбасы айқындаған міндеттерді жүзеге асырудың арнайы іс-шара жоспарын әзірлеп, сапалы орындалуын үйлестіру, кент, ауылдық округ әкімдері жергілікті жерде мақаланы насихаттау, түсіндіру бойынша актив отырыстары мен арнайы кездесулер өткізу, жергілікті өкілді орган мен ардагерлер кеңесі, жастар ұйымдарының белсенді ат салысуы жайлы ұсыным енгізді.