ҚАЛА ӘКІМІ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ
Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыс орталығындағы бірқатар нысандарды аралады. Әуелі Тәуелсіздік даңғылының бойындағы «Арай» жер асты су топтамасының аумағында ағаш отырғызған қала басшысы «ҚР Тұңғыш Президент саябағы» және «Рәміздер алаңы» аралығындағы «Жасыл белдеу» жұмысымен танысты. Бір жарым гектар жерді алып жатқан «Жасыл белдеуге» бүгінде 6 мың дана ағаш көшеттері отырғызылды.
Келесі кезекте Нұрлыбек Мәшбекұлы Арай тұрғын ауданында орналасқан қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштің қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.
Бұл жұмысқа бюджеттен 142 млн. 470 мың теңге қаралған. Бұрынғы келбетін сақтай отырып ескерткіш толық мрамор жабындысымен қапталуда және шағын аллея мен арнайы тағзым ету орындары қарастырылған бұл аумақта жарық шамдар, орындықтар орнатылып, кеспе тастар төселеді.
- Бұл жұмыстармен қатар, Жібек жолы даңғылынан бастап ескерткішке дейінгі аралықтағы Әбдіреев көшесін толық қайта жаңғыртудан өткіземіз. Екі бетіне жаяу жүргіншілер жолы және жарық бағаналары орнатылады. «Өткенге салауат, келешекке аманат» - демекші, осы күнді аңсап кеткен Алаш қайраткерлеріне құрмет қай заманда болсын ұмытылмауы тиіс. 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне дейін қайта жаңғырту жұмыстарын толық аяқтап, биылғы «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына орай осы жерде үлкен шара ұйымдастырамыз, - деді қала әкімі Н.Нәлібаев.
Сондай-ақ қала басшысы «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры АҚ арқылы Демесінов көшесінің бойынан салынып жатқан, 230 пәтерлі 4 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен танысып, мердігер мекеме - «Бақ-Береке» ЖШС құрылысшыларымен кездесті. Тұрғын үйлердің жалпы аумағы 15,6 мың шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарының құны 2 млрд. 637,1 млн. теңге.
Жалпы айтқанда биылғы жылы, Қызылорда қаласы бойынша 25 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде.
Оның ішінде, Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа қала тұрғызу жобасы бойынша мемлекеттік - жекеменшік әріптестік аясында, құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен 9,2 гектар аумаққа 840 пәтерлі 18 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Қала әкімі аядаған келесі нысан Қорқыт Ата көшесіне күрделі жол жөндеу жұмыстары болды.
Қала орталығындағы Қазыбек би көшесінен Жезқазған автожолына дейінгі жалпы ұзындығы 5,8 шақырымдық жолдың ені 14-21 метр, 4 жолақты, 11,7 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынып, 118 дана түнгі жарық бағаналары орналасады, 22 аялдама, екі бетіне барлық талаптарға сай суағар орналасады. Облыстық бюджеттен 1 млрд. 426 млн. теңге қаралған жөндеу жұмысын «УАД» ЖШС жүргізіп жатыр.
Жалпы биыл қалада 298,8 млн. теңгеге жалпы ұзындығы 9,12 шақырымды құрайтын 14 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары, 72,2 млн. теңгеге 50 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалуда.
Бюджетті нақтылау барысында үнемделген қаржы есебінен 6 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізуге қалалық бюджеттен 152 млн. теңге қаржы қаралып, тиісті жұмыстар атқарылуда.