ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ЖАС ТЕННИСШІЛЕР ШЕТЕЛДІК БАПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
Үстіміздегі жылдың 7-9 қыркүйек аралығында Қызылорда қаласы «Нұрсәт» теннис орталығында Қазақстан теннис орталығының атқарушы директоры Диас Досқараев бастаған словакиялық Михаил Мура мен польшалық Вячеслав Богуславскийлер шеберлік сабағын өткізді. Қазақстан теннисінің өсіп-өркендеуі үшін еңбек етіп жүрген бапкерлер теннис мектебінің жұмысымен танысып, жаттықтырушылар мен спортшыларға аталмыш спорттың жаңа қырларын үйретті.
Мақсаты - Қазақстан теннисін жоғары дәрежеге жеткізіп, теннисшілердің біліктілігін арттырмақ. Олар сол үшін елде 5 жыл еңбек етуге келісім-шарт жасасқан. Шетелдік бапкерлер секцияда талантты жастардың бар екендігін байқап, тек соларды дұрыс жолға салып, жаттығу процестерін заман талабына сай жүргізу қажет екендігін және әрдайым тәжірибе алмасу процесінің үзілмеу керектігін айтты. Сондай-ақ, алдағы уақытта олар Қызылорда қаласында 10 күндік оқу-жаттығу жиындарын өткізуді жоспарлап отырғандарына тоқтала кетті.