И.ИЛЬИННІҢ СПОРТ АЛАҢЫ ҚАЙТА ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛУДЕ
Қызылордада атақты ауыр атлет Илья Ильин алты жыл бұрын туған қаласына сыйға тартқан спорт алаңы қайта қалпына келтірілуде, деп хабарлайды BNews.kz Қызылорда қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Асылжан Жаманқұловқа сілтеме жасап.
«Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Илья Ильин 2008 жылы Бейжіңде ең алғаш рет чемпион атанғанда , өзінің жеңіп алған ақшасына «Южный» ауданындағы спорт-ойын алаңын қалаға сыйға тартты. Қазіргі таңда алаңдағы жабдықтардың тозығы жетті, осыған байланысты алаңды қалпына келтіру шешімі қабылданды. Бұл жобаға қаржылай көмектесетін демеушілер де табылды», - деді ол.
Алаңда басқа снарядтардан басқа еуропалық стандартты, қоршалған және жоғарыдан тормен жабылған шағын футбол алаңы орнатылады. Қазіргі кезде Ильин атындағы спорт-ойын алаңында барлық құрылыстар бөлшектелді, мердігер ретінде «Бибісара» ЖШС жұмыс істеп жатыр. Кішкентай бүлдіршіндерге арналған ойын жабдықтары жаңартылып, алаң аумақтарына жасанды шөп, кей жерлеріне қырлы тастар төселеді.