Атыраудағы аламан бәйгеде қызылордалық сәйгүлік жеңімпаз атанды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Атырауда V республикалық «Алтын тұлпар – Жайық жағасында» бәйгесінде Қызылорда облысынан қатысқан ағылшын-араб тұқымдас «Қоянқасқа» мәре сызығын бірінші болып кесті.
Турнирге Қазақстанның 12 облысынан келген 40 үздік ат пен шабандоздар қатысты. Турнир аясында 7, 12, 25 және 51 шақырымдық қашықтықта төрт айналым өткізілді.
Бәйгенің 10 миллион теңгелік бас жүлдесін - қызылордалық шабандоз Ғалымнұр Ноғайбек, жаттықтырушы Қуат Абсалямов және ат иесі Бердібек Мыханов иеленді.
Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтарды «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғабидолла Оспанқұлов, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов және ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының хатшысы Нұрсұлтан Ибрагимов табыс етті.
«Бұған дейін «Алтын тұлпар» турнирінде оза шауып, жеңіске жеткен 4 жүлдегер де қазақстандық тұқымнан шыққан жылқылар еді. Ал, бұл жолы жеңіс пен жүлдегерлер тек «шетелдік» арғымақтар болды. Спортшыларымызды жеңістерімен құттықтаймын», - деді ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының хатшысы Нұрсұлтан Ибрагимов.
Айта кетейік, 12 қазанда Махамбет ауданының Талдыкөл ауылында «Алтын Тұлпар» турнирімен қатар Атырау қаласы күніне арналған «Дарабоз-2019» халықаралық турнирі өтті. «Дарабоз» турнирінің бағдарламасына көкпар, теңге алу, аударыспақ секілді 10 түрлі ұлттық ойын енгізілді.