Қызылордалық шахматшы халықаралық турнирдің кубогына таласады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Назарбаев Зияткерлік мектептері арасында өткізілген желілік спартакиадада қызылордалық Нұрдаулет Таңатов шахмат ойынында 1-орынды иеленіп, халықаралық гороссмейстер Дәрмен Сәдуақасовтың кубогына арналған халықаралық турнирге жолдама алды.
Сондай-ақ, тоғызқұмалақ спорт түрінен өткен сайыста сырбойылық жас зияткерлер жеңіс тұғырынан көрініп, «Үздік команда» атанды.
100-ден астам оқушының басын қосқан дәстүрлі зияткерлік ойындар Көкшетау қаласында өтті. 84 жас шахматшы жүлделі орынға таласқан додада Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-сынып оқушысы Нұрдаулет Таңатов өзінің жас ерекшелігінде барлық қарсыластарын жеңіп, бірінші орынды иеленді.
«Ойын швейцар жүйесі бойынша өтті. 15 минуттық 9 турдан 8,5 ұпаймен жеңіске жеттім», - дейді жас шахматшы.
Ақыл-ой спортын жанына серік еткен 7-сынып оқушысы Дінасыл Ғалымжанқызы бұл додада үшінші орынды иеленіп, команданы жеңіс мінберінің үшінші тұғырына шығарды.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы филиалдарының оқушылары арасында өткен тоғызқұмалақтан ІІ желілік спартакиадада 8-сынып оқушысы Жұлдызай Мұңайтпасова және 9-сынып оқушысы Досымжан Райымбек жекелей ойындарда екінші орындарды иемденіп, «Үздік команда» кубогын жеңіп алды.
Айта кету керек, аталмыш сайыстарды бірінші орындарды жеңіп алған спортшылар 27 қазан - 3 қараша аралығында Маңғыстау облысында өткізілетін атақты гороссмейстер Дәрмен Сәдуақасовтың кубогына арналған халықаралық турнирге жолдама алды.