Қызылордалық «Қайсар» мен «Атыраудың» ойынында жанкүйерлер төбелес шығарды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылордалық «Қайсар» және «Атырау» клубының жанкүйерлері Қазақстан Кубогы - 2019 аясында өткен ақтық матч кезінде төбелесіп қалды. Жанкүйерлер матчты ортасынан тоқтатпақ болған.
Sports.kz жариялаған видеодан ойын ортасында төбелес шыққанын көруге болады. Сонымен қатар, жанкүйерлер бір-біріне қағаз стақандарды лақтырған.
«6 қазан күні футболдан «Астана Арена» стадионында өткен «Атырау» - «Қайсар» матчын кейбір қызуқанды фанаттар тоқтатып тастамақ болды. Полиция қызметкерлерінің араласуымен даулы оқиға тоқтатылды», - делінген Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті таратқан хабарламада.
Полиция департаменті қала тұрғындары мен қонақтарды мәдени және спорт шаралары кезінде қоғамдық тәртіпті бұзбауға, арандатуға берілмеуге шақырады. Полицейлер құқық бұзғандар заңға сәйкес жауапқа тартылатынын ескертті.
Айта кетейік, матч кезінде алғашқы голды ойынның 67-ші минутында атыраулық команданың шабуылдаушысы Петар Гжельчак салды. 87 минутта алаңға шабуылдаушы Игорь Зенькович шығып, есепті теңестірді. Ойынның соңғы минуттарында Думан Нәрзілдаев «Атырау» қақпасына екінші голды салды.