Қазалыда теңге ілу мен аударыспақтан аудан біріншілігі өтті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Майдакөл ауылдық округінде Бекарыстан би ауылының күні аясында теңге ілу мен аударыспақтан аудан біріншілігі өтті. Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов қатысты.
«Сіздерді Ұлттық спорттық ойын түрлері бойынша ат үстінде теңге ілу және аударыспақтан өтетін аудан біріншілігінің ашылу салтанатымен құттықтаймын! Бүгін біз ұмыт бола бастаған ұлттық ойындар – теңге ілу мен аударыспақтан ауданда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жарыстың куәсі болғалы тұрмыз.
Ұлттық ойындардың өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, бауырмалдыққа тәрбиелейтіні бәрімізге белгілі. Ұлттық спортты санасына сіңіріп өскен баладан елін, жерін шынайы сүйетін, салт-дәстүрін ұлықтайтын азамат өсіп шығады. Себебі компьютер мен ұялы телефонға үңіліп, дене қимылынан ада қалған баланың денсаулығы мен асық атып, ләңгі теуіп жүрген баланың денсаулығын салыстыруға келмейді», – деген Әлімжан Мұратбайұлы ұлттық ойындардан өтетін жарысты ашық деп жариялады.
Аудан әкімінің орынбасары мұнан соң туған жердің өсіп-өркендеуіне белсене атсалысып, ауыл мәдениеті мен спортын көтеруге лайықты үлесін қосқан азаматтарды аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады.
Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен ұлттық ойындардан алғашқы аудан біріншілігі тартысты болды. Бағы мен бабы келіскен мықтылар жеңімпаз атанды. Атап айтар болсақ, аударыспақтан 60 келіде Бекарыстан би ауылының тұрғыны Шархан Тілеуназаров, 70 келіде жалаңтөсбатырлық Болат Тұрабаев, 80 келіде Тасарық ауылынан келген Жеңісбек Мұсабаев, 90 келіде тағы бір бекарыстанбилік Сәкен Үмбетовтың асығы алшысынан түсіп, үздік шықты.
Теңге ілуден Ғ.Мұратбаев ауылынан келген Алмат Көбейсіннің мерейі үстем болып, қарсыластарының барлығын шаң қаптырып кетті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылардың тарапынан ақшалай және бағалы сыйлықтар табысталды.