Қызылордада ардагерлер арасында волейболдан халықаралық турнир өтуде
oldkaz.kyzylorda-news.kz. «Мұз айдыны» спорт кешенінде волейболдан ардагерлер арасында «Қорқыт баба» кубогына арналған халықаралық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сайысқа Ресей, Өзбекстан мемлекеттері мен Алматы, Шымкент, Байқоңыр қалаларынан және Түркістан, Жамбыл облыстары мен Сыр елінен 7 команда, 55 жастан жоғары 100 жуық ардагер қатысты.
Сондай-ақ, жарыстың құрметті қонақтары - ҚР Генерал лейтенанты Аманкелді Шардарбаев, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тлектес Есполов арнайы келді.
Турнирдің ашылу салтанатына Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Досмайылұлы қатысып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Қызылорда облысында Қорқыт Атаны әлемдік деңгейде танытуға байланысты көптеген шаралар атқарылуда. 2006 жылдан бері «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымымен бірлесіп түркітілдес елдердің халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фестивалін өткізу дәстүрге айналды. Жақында ғана бесінші рет ұйымдастырылды. Қармақшы ауданындағы Қорқыт Ата кесенесі Елбасы тапсырмасымен 2015 жылы қайта жаңғыртылып, «Қорқыт Ата зиярат ету орталығы» қоса салынды, кешен «ЭКСПО-2017» бүкіләлемдік көрмесі нысандарының бірі ретінде танылып, сан мыңдаған туристер келді.
«Өңіріміз үшін де, еліміз үшін де ең маңыздысы - 2018 жылы 28 қарашада Маврикий Республикасында өткен ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында Қорқыт Ата рухани мұралары Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық материалдық емес мұралар тізіміне енді. Бұл жұмыстардың жүзеге асуында облысты алты жылдан аса абыроймен басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың үлесі зор екенін айтуымыз керек. Міне, бүгін Сыр өңірінде түрлі салада қызмет еткен ардагерлер арасында алғаш рет жарыс ұйымдастырылып отыр. Бұл жарыс аға буынның жастарға көрсеткен үлгісі әрі бұқаралық спортты дамытудың ерекше тәсілі деп түсінеміз»,-деді аймақ басшысы.