Қызылордада отырып ойнау волейболынан ел чемпионаты өтуде
oldkaz.kyzylorda-news.kz. «Мұз айдыны» спорт кешенінде тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында отырып ойнау волейболынан ел чемпионаты басталды.
Жарысқа Шымкент қаласы, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл жəне Қызылорда облыстарынан 6 команда үш күн бойы бақ сынасады.
Жарыстың салтанатты ашылуына облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Олжас Акимов қатысып, қатысушы командаларға сəттілік тіледі.
Ел чемпионаты келесі жылы ақпан айында Америкада өтетін Əлем кубогына іріктеу жарысы болып табылады. Осы халықаралық жарыс арқылы Паралимпиада ойындарына қатысатын құрама команда жасақталады.
Ел чемпионатының алғашқы күнінде Қызылорда командасы Ақтөбе спортшыларын 3:0 есебімен жеңді.
Ел чемпионаты 31 тамыз күні аяқталады.
Осы саладағы өңіріміздің жетістіктеріне тоқталсақ, биылғы жылдың қаңтар айында облыс тарихында алғашқы рет мүгедектерге арналған спорт клубы ашылды. Клубта 350-дей спортшы спорттың 15 түрімен шұғылданады. Жыл басынан бері клуб спортшылары ҚР чемпионаттарына қатысып, 24 медаль жеңіп алса, 4 ҚР халықаралық дəрежедегі спорт шебері дайындалды.
Оның ішінде отырып ойнау волейболынан 4 спортшы Қазақстан құрама сапына енді. Отырып ойнау волейболынан облыс командасы ҚР кубогының 2 мəрте иегері атанса, ҚР чемпионатының бірнеше мəрте жүлдегері болды.
Биылғы жылы Бангкок қаласындағы Азия чемпионатында жерлестеріміз Эрик Қасқабаев пен Шыңғыс Медеуов Қазақстан құрама команда сапында өнер көрсетіп, қола жүлдені иеленді.