Жалағашта ардагерлердің дәстүрлі IX спартакиадасы өтті (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Спартакиадаға кент және ауылдық округтерден 130 ардагер қатысты. Спорттың 5 түрі бойынша, атап айтқанда, қол күрес, асық, бес асық, арқан тарту, жеңіл атлетика (60 м, 500 м, 1000 м), эстафета(40х80) бойынша өткізіліп отырған спартакиданы аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев ашып, жарысқа қатысушы ардагерлерге сәттілік тіледі.
«Сіздер ауданымыздың өркендеуі мен дамуы үшін өз қажыр-қайраттарыңыз бен ақыл-кеңестеріңізді аямай келесіздер. Сіздерді өмірде әрқашан азаматтық пен адамгершіліктің үлгісі, үлкенге құрмет, кішіге қамқор бола білген азамат ретінде танимыз. Сіздерді бұдан әрі де арамызда ақылшы, кеңесші бола жүріп, еліміздің игілігі үшін қоғам өміріне белсене араласады деп сенемін» - деді аудан басшысы.
Жарыс нәтижесінде командалық есеп бойынша І орынды Ақсу ауылдық округі иемденсе, ІІ орынды Жалағаш кентінің ардагерлері иеленді. Ал жүлделі ІІІ орынға білім саласының ардагерлері ие болды. Жарыс жеңімпаздары арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Айта кету керек, Ақсу ауылдық округі командасы ардагерлер арасындағы спартакиадада қатарынан 4-рет жеңімпаз атанған.
Жалағаш ауданында қазіргі таңда 4000-ға жуық ардагер бар. Олар 79 бастауыш ұйымдарында есепте тұрады. Оны 11 адамнан құралған аудандық ардагерлер кеңесі басқарады. 1500-ге жуық батыр аналар бар.