Жалағашта спортпен тұрақты шұғылданушылар саны 30 пайызға артпақ (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданында спорт күніне орай салтанатты шара өтті.
Шараға аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев сөз алып, аудан спортының дамуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан ардагер-спортшыларға, жаттықтырушыларға алғысын білдірді.
«Ауданымызда бұқаралық спортты, ұлттық спортты дамыту бағытында кешенді жоспар жасалып, тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда ауданымызда спорттың 23 түрімен 10155 адам, яғни 28,4 пайызы тұрақты түрде шұғылданса, спортпен тұрақты шұғылданушылар санын 30 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырмыз», - деді аудан әкімі.
Кәсіби мерекеге орай сала ардагерлері, қызметкерлер, спортшылар аудан әкімінің, Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының Алғыс хатымен, «Спорт ардагері», «Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін» медальдарымен марапатталды.
Айта кету керек, ауданда бұқаралық спортты дамыту мақсатында өткен жылы Мәдениет ауылдық тіректі елді мекенінде жалпы құны 187 млн теңгені құрайтын спорттық кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Ауданда бұл сала бойынша жеткен жетістіктер қатары да көп. Атап айтар болсақ, биылғы жылдың І жартыжылдығында аудан спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, ҚР чемпионаттарында 11 алтын, 5 күміс, 12 қола медальдарды жеңіп алды. Оған қоса, әлем және Азия чемпионаттарында 6 алтын, 2 қола медальдарға қол жеткізді. 38 спортшы - І разрядты, 4 спортшы – ҚР-ның спорт шебері, 169 спортшы – «Спорт шеберлігіне үміткер» нормативін орындады.