Сыр спортында серпіліс бар ма?
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Бүгінде Қызылордада спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары артып келеді. Аймақта 231613 адам салауатты өмір салтын ұстанады. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда көрсеткіштің жоғарылағанын байқатады.
Балалар-жасөспірімдер спорт мектептері, спорт клубтарында дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын 7-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер саны да өскен. Көрсеткіш 23058-ге жеткен. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Акимов мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, Сыр спортшыларының түрлі аламандағы жетістіктері артқан. 2019 жылдың 6 айында спортшылар ҚР чемпионаттарында 907 медаль жеңіп алған. Оның 272–і алтын, 248-і күміс, 387-і қола жүлдегер атанған. Сонымен бірге, Әлем және Азия чемпионаттарында 48 медаль Сыр спортшыларына тиесілі.
«Халықтың спорттық нысандарға қолжетімділігін арттыру мақсатында, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері желісін ұлғайту және шұғылданушылар санын арттыру барысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында биыл 21 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Былтырғы жылы 9 жоба іске қосылды», - дейді Олжас Азатұлы.
Басқарма басшысы облыс спортшыларын 2020 жылы Токио қаласында өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алуын қамтамасыз ету, Әлем, Азия және Қазақстан Республикасының чемпионаттарына спортшылардың дайындығы мен қатысуын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
Айта кетейік, алдағы уақытта «Локомотив» стадионына күрделі жөндеу жұмыстары басталып, «Нұрсәт» теннис орталығының 4 жабық теннис кордының құрылыс жұмыстарын аяқтау жұмыстары жалғаспақ.