Қызылордалық 14 жасар таеквондошы əлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Ташкент қаласында таеквондодан жасөспірімдер арасында Əлем чемпионаты өтті.
65 елдің таеквондошылары қатысқан дүбірлі бəсекеде Сыр өңірінің спортшысы, 14 жасар Айша Əділбекқызы Əлем чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды. Айта кетейік, бұл медаль – облыс тарихында таеквондодан алғашқы жүлде.
44 келіде өнер көрсеткен Айша барлық қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, тек финалда иран спортшысына есе жіберіп алды.
Жас спортшы 7 жасынан бастап таеквондомен шұғылданады. Ол 15 ОРМБЖМ спортшысы, 3 дүркін Қазақстан чемпионы жəне жүлдегері. Спортшының бапкерлері - Нұржан Тоғанов пен Аман Жакудаев.
"Жарыс оңай болмады. Бірақ бар күш-жігерімді салып, намысқа тырыстым. Енді қазан айында Атырауда өтетін балалар-жасөспірімдер спорт мектептері арасындағы ел чемпионатына қатысамын. Əрине əр спортшының арманы - Олимпиада чемпионы болу. 2022 жылы жасөспірімдер Олимпиада ойындарында бағымды сынап, көк туды желбіретсем деймін. Ол үшін еке есе еңбектенуім керек", - дейді Айша Əділбекқызы.