Шағын футболдан жарыс өтті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Жастар жылына Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті шағын футболдан жарыс ұйымдастырды.
Жарысқа департаменттің жас қызметкерлері қатысып, олар 4 командаға жасақталды.
Жарысты Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы әділет полковнигі М.Нәкенов ашып берді.
Ол өз сөзінде мұндай жарыстар қызметкерлердің спортқа деген сүйіспеншілікті арттыратындығын және патриоттық рухты көтеріп, салауатты өмір салтын қалыптастыратынын айтып сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сайыс тартысты өтіп, командалар бір-біріне дес бермей, өздерінің мықтылықтарын көрсете білді.
Жарыс қорытындысы бойынша І орынды ЗК-169/1 мекемесі иеленсе, ІІ орынды ЗК-169/5 мекемесінің командасы қанжығаларына байлады. Ал ІІІ орын ЗК-169/4 мекемесінің қызметкерлеріне бұйырды. Тартысты ойында «Үздік қақпашы» номинациясын ЗК-169/1 мекемесінің теолог-маманы Қ.Пазылов иеленді. Сондай-ақ «Үздік шабуылшы» номинациясы ЗК-169/1 мекемесінің режим және күзет бөлімінің бақылаушысы А.Досановқа бұйырды.
Жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.