Санчес жаңа бапкер және GGG-мен арадағы қатынасы жайлы пікірін айтты
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Бапкер мен боксшы 2010 жылдан бері бірге еңбек еткен. Америкалық танымал бапкер Абель Санчес TheRing Digital-ге берген сұхбатында өзінің бұрынғы шәкірті, қазақстандық Геннадий Головкиннің жаңа жаттықтырушысы жайлы пікірін айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сәуірдің аяғында Головкин Санчеспен жұмысын тоқтатқанын хабарлаған болатын. Ал мамырдың басында арнайы баспасөз мәслихаты өтіп, GGG жаңа бапкері Джонатан Бэнксті таныстырды.
Сұхбат барысында Санчес Головкиннің өзін шәкірт сезініп, жаңа нәрсе үйренуін қалайтынын айтты.
«Егер олай жасай алмаса, Джонатанға деген әділетсіздік болар еді. Бэнкс - кәсіби, тәжірибелі бапкер. Ол қолыңа жәй ғана қолғап кигізе салатын бапкер емес. Бұл Джонатанның карьерасы үшін ғана емес, Геннадийдің де карьерасы үшін маңызды», - деді ол.
Сондай-ақ, америкалық бапкер Геннадийді кездестіріп қалса, бұл сөзін оған айтпайтынын жеткізді.
«Оны алда маңызды күн күтіп тұр. Соған көңіл бөлуі керек. Позитив ештеңе айтуымның да қажеті жоқ. Ол не істеу керек екенін біледі. Мұнда тоғыз жыл өткізді. Осы уақыт ішінде бізден бір нәрсе үйренді деп ойлаймын. Бәрі қолынан келуі тиіс. Жекпе-жек көре аламын деп үміттенемін», - деді Абель Санчес.
Головкин Бэнкстің қол астында алғаш рет 8 маусымда Нью-Йоркте канадалық Стив Роллсқа қарсы жекпе-жек өткізеді.