Руслан Әбдіразақов халықаралық турнирде бас жүлдені жеңіп алды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Түркістан облысында қазақ күресінен дәстүрлі халықаралық турнир өз мəресіне жетті. Қажымұқан Мұңайтпасұлының 149 жылдығына орай ұйымдастырылған сайысқа Ресей, Өзбекстан, Моңғолия елдерімен қатар еліміздің барлық облыстарынан 300-ге тарта палуан қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ордабасы ауданы, Темірлан елді мекеніндегі Қажымұқан атындағы орталық стадионында өткен жарыс екі күнге жалғасты. Боз кілем көркін қыздырған спортшылар 8 салмақ дәрежесінде жеңімпазды анықтады.
Бұл жолғы турнирге палуандар жоғары дайындықпен келгендерін байқатты. Әр белдесуде көрермендерді шеберліктерімен таңқалдырып, тартысты жекпе-жектер өткізді. Өзара мықтыны анықтаған додада түйе палуанға тігілген су жаңа «Нива» автокөлігі сарапқа салынды. 32 спортшы белдесуге тілек білдіріп, нәтижесінде жүлделі үшінші орынды Моңғолия палуаны Дорж Анар иеленді. Ал, ақтық сында алматылық Руслан Әбдіразақов пен моңғолиялық Серік Бердімұрат күресті. Сайыс қорытындысымен моңғол балуанының жауырынын жерге тигізген Руслан Әбдіразақов бас жүлдені жеңіп алды.
Жеңімпазға темір тұлпарды Ордабасы ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен облыстық Дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев табыс етті. Түйе балуан енді «Қазақстан барысы» турнирінде бағын сынайтын болады.