"Қазалы" газетінің 10 жылдығына орай волейболдан турнир өтті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Аудандық "Қазалы" газетінің 10 жылдығына орай Жанқожа батыр ауылдық спорт кешенінде волейболдан ашық турнир өтті. "Қазалы Жомарт" қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен жарысқа Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов, Ақтан батыр, Бекарыстан би, Қожабақы, Жанқожа батыр ауылдары мен Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің командалары қатысқан.
Қарсыластарына қарағанда ұпайды көп жинаған Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов, Ақтан батыр және Қожабақы ауылының командалары жартылай финалға жолдама алды. Өзгелерге қарағанда сауатты ойын өрнегін көрсеткен Жалаңтөс батыр ауылының командасы турнир жеңімпазы атанды. Қ.Пірімов ауылы ІІ орынға жайғасты. Ал, ІІІ орынға Қожабақы ауылының командасы ие болды.
Турнирде үздік ойын өрнегін көрсеткен Әділет Өмірбеков "Үздік ойыншы", Әлішер Ахмет "Үздік шабуылшы", Ғазиз Тұлғабаев "Үздік байланыстырушы", Рахат Кемали "Ең жас ойыншы" номинациясына ие болып, бағалы сыйлықтар табысталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегер командалар Кубок, медаль, дипломдармен қатар, "Қазалы Жомарт" қоғамдық бірлестігінің атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.