Қызылордада екі футбол командасы арасында қақтығыс болды
Қызылордада әуесқой футбол лигасының қысқы маусымы ойындары кезінде «ҚМУ» және «Зенит-2» командаларының ойыншылары арасында қақтығыс болды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Бұл туралы «Facebook» әлеуметтік желісін қолданушы Раушан Көлгінов өз парақшасында жариялады.
«Не сұмдық?! Бандиттер торуылдайтын Қызылордада қалай жүреміз? Кейінгі кезде қалада өзінің жөнсіз әрекеттерімен көзге түсуші комиссарға (лақап аты) тұсау болады ма? Шын аты Руслан Тугизбаев шағын футболдан жарыс ұйымдастырылса, жастардан жеңіліп бара жатса, ұрып-соғып, қорқытады. Осымен қанша жарыстың шырқын бұзды. ДВД жедел уәкілдерімен ауыз жаласып алған ба? Ешқандай шара көрмейді. Өзінің микрорайонский дейтін бандиттерімен елдің берекесін алып бітті! Енді спортқа да бандиттер араласатын болған ба?» - дейді Раушан Көлгінов өз парақшасында.
Сондай-ақ ол жазба соңында бұл мәселені облыстық Полиция департаментінің бастығы Қайрат Мұхитов пен аймақтың бас прокуроры назарға алуын сұраған.
Жазбада көрсетілген мәселеге қатысты облыстық Полиция департаменті «Полиция департаментімен аталған бейнежазба зерделенуде, осыған дейін полицияға арыз-шағым түспеген, шұғыл шаралар қабылданады» деп жауап берілген.
Бейнежазбада Руслан Тугизбаев «ҚМУ» командасының мүшесіне қол көтеріп, оның жағасынан алған. Жәбірленуші аймақтағы мүйізі қарағайдай оқу орнының деканы екені белгілі болды.
Жалпы, бейресми мәліметтер бойынша Руслан Тугизбаев «Қайсар» футбол клубында жұмыс істейді. Дәлірек айтсақ, ол «Қайсардың» жанкүйерлерін ұйымдастырушы. Сонымен қатар ол «Зенит 1» және «Зенит 2» командаларына мүше. Ұзынқұлақтың айтуынша, бұл екі командаға Руслан Тугизбаев жетекшілік етеді. Ал зениттіктердің дені «Қайсар» командасының жаттықтырушылары-мыс.
Әлеуметтік желідегі бұл мәселе бойынша облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі де өз жауаптарын жолдаған.
«Өңірдегі әуесқой футбол лигасы ойындарын «Қазақстан әуесқойлар футбол лигасы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған. Қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы әуесқой лиганың қысқы маусым ойындарына 22 команда қатысуда. Лиганың қысқы маусым ойындары 21 сәуір күні аяқталады. «Зенит» және «ҚМУ» командалары ойыншылары арасында болған қақтығыс үшін «Қызылорда әуесқой футбол лигасының» тәртіптік-бақылау комитеті Руслан Тугизбаевты командасымен бірге лига ойындарына қатысуға тыйым салды», - дейді басқарманың баспасөз қызметі.
«Қазақстан әуесқойлар футбол лигасы» қоғамдық бірлестігінің Қызылордадағы ұйымдастырушысы Еркін Жантуғановтың айтуынша, ойыннан «Зенит» командасын емес, тек Руслан Тугизбаевты шеттеткен.
«Қазіргі таңда бұл оқиға бойынша мән-жай қоғамдық бірлестіктің Нұр-Сұлтан қаласындағы басшылығына хабарланды. Шешімді басшылық қабылдайтындықтан, біз әзірге жауап күтіп отырмыз. Аталған мәселеге байланысты Руслан Тугизбаев ойыннан шеттетіліп, оған 10 мың теңге айыппұл салынды», - дейді Еркін Жантуғанов.