Серік Ибрагимов қазақша күрестен жарысқа қатысады
Салмақ өлшеу салтанаты 19 наурызда «Дәулет» спорт кешенінде өтеді.
Астана қаласындағы «Дәулет» спорт кешенінде 21 наурыз күні қазақ күресінен «Өнер барысы» республикалық турнирі өтеді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz Мәдениет және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Турнирде жиырмаға жуық өнер жұлдыздары чемпиондық белдікті сарапқа салады. Олардың ішінде бірде-бір кәсіпқой спортшы жоқ. Бозкілемге танымал әртістер мен ақындар шығады.
Олардың қатарында әнші, айтыскер, актер, КТА-ға қатысушылар да бар. Атап айтар болсақ, Қайрат Нұртас, Абай Аязбаев, Серік Ибрагимов, Мейіржан Төребаев, Амангелді Өтешов, Асылхан Төлепов, Артур Төлепов, Аян Өтепберген, Нұрлан Мұсаев, Еркебұлан Дайыров, Әлібек Серғалиев, Нұрболат Абдуллин, Ардақ Байғабыл, Ғалым Махамбетов, Ақболат Өтебай, Сырымбет Бибосынов, Хамит Ердехан және басқалары бозкілемде белдеседі.
Жарыстың мақсаты – ұлттық спорт түрлерін, әсіресе қазақ күресін дамыту және дәріптеу, сондай-ақ жастарды салауатты өмір салтын ұстануға баулу. Турнирді ұйымдастыруға Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы, Қазақ күресінен Қазақстан федерациясы, «Хабар» телеарнасы және «Айтыс - асыл мұра» қоғамдық қоры мұрындық болды.
Ережеге сәйкес, дүбірлі додаға 16-36 жас аралығындағы шығармашылық маман өкілдері қатыса алады.
Ақпан айының ортасында қатысуға ниет білдірген балуандар Алматыда оқу-жаттығу жиынынан өтті.
Айта кетейік, салмақ өлшеу салтанаты 19 наурызда «Дәулет» спорт кешенінде өтеді.