"Қайсар" өз қолдаушыларын қуантуға әзір
Бүгінде қалың бұқараның назары футболда. Шаруаларын тастап, өз командасын қолдауға жиылған жанкүйерлер легі Сыр елінде де жетерлік. Биыл стадионда қызылордалық фанаттардың қарасы қалың болары сөзсіз. Өйткені сүйікті командасы жаңа маусымға сақадай сай, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz «Қайсар» ФК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Біріншіліктің алғашқы кездесуін 10 наурызда "Атыраумен" қарсы ойнайды. Бұл ойынды тағатсыздана күтіп жүргендер қаншама. Биылғы маусымға дайындықты Анталияда пысықтаған дала қасқырлары құрамға аз ғана өзгеріс енгізді. Өткен жылы өнер көрсеткен аяқдопшылардың дені командамен бірге қалды. Негізінде футболдағы кейбір сарапшылардың пайымынша, команда құрамы тұрақталса жоғары нәтижеге қол жеткізетінін алға тартады. Сонымен доп додасында бақ сынайтын «Қайсар» құрамын толықтырған жаңа ойыншылардың әлеуетін саралап көрсек.
Биылғы біріншілікте қасқырлар сауатты ойнауы тиіс. Командаға жүктелген міндет үздік үштікке ену. Сондықтан қорғаныста сауатты, шабуылда ширақ қимылдасақ, техникалық жағынан түсіністік, бір-біріне деген сенім сейілмеуі тиіс. Қысқы ауысымда "Қайсар" бірнеше шетелдік шеберлерді қатарға қосты. Ең алдымен командаға қол үшін созуға Джон Джошуа келді. Нидерландыда футбол тәлімін алған футболшы еуропалық белді клубтарда доп тепкен. "Қайсар" клубына дейін 5 клубтың намысын қорғаған. Атап айтсақ нидерландық "Спарта", "Валвейк", "Твенте", даниялық "Норшеланн". Соңғы клубы түріктің "Бурсаспоры". Әйгілі "Челсидың" қақпасына доп соғып, еуропалық скауттардың назарына іліккен Джошуаның дәм тұзы Қызылордадан бұйырды. Алаңның сол қапталында ойнайтын футболшы жаңа маусымда командаға көп көмегін тигізеріне сеніммен қараймыз.
Сонымен қатар құрамға Армения құрамасының шабуылшысы Тигран Барсегян қосылды. Біраз жылдар Македонияны мекен еткен Барсегянды көпшілік "Қайсардың" ең сәтті трансфері санайды. Жанкүйерлер Тигранды Еуропа лигасында атақты "Фенербахчені" жолдан тайдырған ойыншы ретінде таниды. Расында Барсегян "Вардар" мен "Фенербахче" кездесуінде нағыз қаһарман атанған еді. Ол осыған дейін македондық "Вардар" клубында тер төккен. Өткен маусымда алаңға 16 рет шығып, екі мәрте көзге түскен. Бас бапкер Стойчо мырза биыл шабуыл шебіне көп көңіл бөлмек. Мұны трансферде айқын аңғардық.
Сонымен шабуыл шебіне тағы бір аяқдопшыны аттай қалап алдыртты. Еуропада футболшы даярлауда "Андрелехттың" академиясы оқ бойы озық тұр. Біздің жаңа шабуылшымыз да сол мектептің түлегі. 22 жастағы конголық Куле Мбомбо жаңа маусымда гол салудан кем болмауы керек. Иә, сәтті трансфер тығырықтан шығаруы тиіс. Бұл сөзімізге Карлитос дәйек болады. 25 жастағы португалдық Мигель Карлос футбол әліппесін белгілі "Бенфикадан" бастаған. Карлитостың өзге ойыншыдан артықшылығы деп жылдамдығын айтсақ болады. Техникалық шеберлігі де басымырақ. Бұл ойыншыдан алаңда көп нәрсе күтуге болады. Осыдан 5 жыл бұрын Сыр елінде "Байқоңыр" футбол клубы құрылған еді. Сол кезде командаға "Қайсарға" қажетті футболшыларды даярлау жүткелді. Тапсырма орындалды. Бүгінде "Байқоңырдан" 5 ойыншы бас командада өнер көрсетеді. Қысқы ауысымда Шоқан Абзалов, Өркен Махан және Бекзат Құрманбекұлы "Қайсармен" жиынға аттанып, біліктілігін бас бапкерге дәлелдеді. Енді әлгі футболшылар Қазақстан премьер лигасында дебютті кездесуін өткізер күн жақын.
Айта кету керек, Бекзат Құрманбекұлы ел біріншілігіндегі ең жасы. 18 жасқа жаңа толған Бекзатты Қызылорда футболының болашағы деуге толық негіз бар. Қазақта көпті көрген біледі деген тәмсіл бар. Иә, бұл сөзді қозғауымыз бекер емес. Қасқырлар құрамын толықтырған жаңа ойыншымыздың бірі – Марат Хайруллин. Ресейлік "Рубинның" түлегі тәжірибесі толысқан аяқдопшы. Қазақстан біріншілігінің 5 дүркін жеңімпазы жаңа маусымда өзге футболшылар үшін тәжірибесімен бөлісуге дайын. Айтпақшы Марат 10 наурыздағы қарсыласымыз "Атыраудан" ауысқан еді. Сондықтан Мараттың алғашқы ойыны біз үшін қызық болмақ. 2019 да "Қайсардың" қорғанысы бекем болады. "Жетісудың" сенімді қорғанысы болған Иван Садовничий енді Сыр алаңында доп тебеді. Жалпы биылғы құрамда бәсекелестік жоғары. Негізгі құрамға әр позицияда кем дегенде үш футболшыдан таласады. Сондықтан бәсекелестік арқылы жоғары нәтиже болатыны анық.
Аяқдопшыларды іріктеп алған «Қайсар» бапкерлері жеңіске жетуге іспен кіріседі деп үміттенеміз. Дала қасқырлары халықтың үмітін ақтап жатса кәнеки.