«Нұр Отан» партиясының кубогы сарапқа салынды
Қызылордада «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай шағын футболдан турнир өтті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Партияның облыстық филиалы ұйымдастырған аяқ доп додасына аймақтық және аумақтық партия филиалдары, бастауыш партия ұйымдары мен партия белсенділерінен құралған 12 команда бақ сынасты.
Өңірде «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай түрлі деңгейде мәдени-спорттық шаралар өткізілуі жоспарланған. Бүгінгі партия мүшелері арасында ұйымдастырылып отырған шағын футбол турнирі соның бір айғағы.
Жарысты облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев ашып, турнирдің қатысушыларына үздік команда мен үздік ойыншылар атағы үшін адал және ымырасыз күресте табыс тіледі.
Әр кездесу талас-тартысқа толы болды. Командалар өзара мықтыны әрең анықтады. Әдемі ойын-өрнегін көрсеткен Сырдария аудандық партия филиалының командасы жарыс жеңімпазы атанды. Ал облыстық партия филиалының командасы екінші орынды иеленсе, Теміржол партия филиалының аяқдопшылары үздік үштікті қорытындылады.
Сондай-ақ, ұйымдастырушылар турнирде көзге түскен үздік ойыншыларды номинация бойынша марапаттады. Атап айтсақ, Асхат Едіге «Үздік қақпашы», Қорғанбек Байтұрғанов «Үздік қорғаушы», Әділжан Орынтай «Үздік шабуылшы», Бақытбек Мұқашев «Мерген ойыншы» номинациясын иеленсе, футбол бәсекесінің ең үздік ойыншысы болып Әлібек Жарықбаев танылды.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.