Футбол: «Қайсар» Грузия чемпионымен тең түсті
Қызылорданың «Қайсары» Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны барысында Грузияның «Сабуртало» командасымен кездесті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Сабуртало» клубының құрылғанына биыл жиырма жыл толады. Ұзақ жылдар бойы сол ел біріншілігінің төменгі лигасында ойын көрсетіп келді. Соңғы алты жылда бірінші және жоғары лигасында бақ сынап жүр. Былтыр ел чемпионы атағын жеңіп алды.
Бүгінде команда құрамында негізінен жергілікті жастар ойын көрсетеді. Десе де олар өздерімен кездескен әрбір командаға лайықты деңгейде қарсылық көрсете алады.
Кездесуде «Қайсар» ойын тізгінін өз қолына алуға тырысты. Оған Грузия чемпионы тегеурінді қарсылығын білдірді. Бірінші кезеңде екі команда да бір-бірінің қақпасына гол соға алған жоқ.
Екінші кезеңде қос команда қарсыласты қапы қалдыратын мүмкіндіктерді қарастырды. Мұндай белсенділік «Қайсар» тарапынан жиі байқалды. Соның салдарынан 49-минутта «Сабуртало» ойыншылары өз айып алаңында дөрекі қимылымен көзге түсті. Төреші олардың қақпасына 11 метрлік айып добын белгіледі. Аталмыш пенальтиді қызылордалық футболшы Асхат Тағыберген мүлт жіберген жоқ. Команда бұл есепті ойын соңына дейін ұстап тұра алған жоқ. Кездесудің 64-минутында Владимир Двалишвили таразы басын теңестіріп кетті. Ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.
Еске сала кетелік, бүгін түске дейін қызылордалық клуб Болгарияның «Царско Село» командасына есе жіберген еді. Одан бұрын Украинаның «Десна» және Ресейдің «Крылья Советов», грузиялық ВИТ-«Джорджия» командасынан жеңіліп қалған еді.
Енді «Қайсардың» оқу-жаттығу жиынында бір ойыны қалды. Оны 21 ақпанда Түркіменстанның «Алтын асыр» командасына қарсы өткізеді.