Қызылордалық Фараби Сауытбаев – Азия чемпионы
Ташкент қаласында қысқы әмбебап жекпе-жектен өткен Азия чемпионатында қызылордалық Фараби Сауытбаев Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Спортшы 65 келі салмақ дәрежесінде бақ сынасып, қарсыластарының барлығынан басым түсті. Оның өткізген үш кездесуінің нәтижесі бойынша ауғанстандық спортшыны таза жеңіп, Тәжікстаннан келген қарсыласын 4:1 есебімен ұтты. Фараби финалда Өзбекстан спортышысымен белдесіп, оны 3:1 есебін сан соқтырды.
Фараби Сауытбаев 1993 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Әмбебап жекпе-жектен ҚР-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2018 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Қазіргі таңда №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде тәлім алады. Жаттықтырушысы Бауыржан Жүсіпов.
Әмбебап жекпе-жектен облыстың аға жаттықтырушысы Нұрбек Жармахановтың айтуынша, ағымдағы жылдың 8-10 мамыр күндері Қызылорда қаласында әмбебап жекпе-жектен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді. Бұл дүбірлі додада Азия чемпионы Фараби Сауытбаев және облыстың құрама командасы облыс намысын қорғайды.