Тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионатына қатысатын облыс құрамасы анықталды
Қызылорда қаласында тоғызқұмалақтан облыстық жекелей чемпионат өтті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Жарысқа Қызылорда қаласы мен аудандардан 80-ге жуық спортшы қатысып, ел чемпионатына қатысатын облыс құрамасы анықталды.
Жарыс нәтижесінде классика түрінен ерлер арасында Бексұлтан Бостандықов жеңімпаз атанса, ІІ орынға Рауан Ыбрай, Бексайыр Айтмаханов ІІІ орындарға ие болды.
Қыздар арасында Ақерке Кенжебекованың мерейі үстем болып, І орынды қанжығасына байласа, ІІ орынды Ұлдана Махамбетамин иеленді. Ал ІІІ орынды Қызжібек Әбілда еншіледі.
Блиц түрі бойынша ерлер арасында Ермұхамед Әлайдарға тең келер ешкім болмады. Сайыстың бұл түрінде Асылбек Қаржаубаев күміс жүлдеге, Дамир Ахметов қола жүлдені иеленді. Ал, қыздар арасында Қызжібек Әбілда І орынды жеңіп алса, ІІ және ІІІ орынды Бекзат Әмір мен Ұлдана Махамбетамин өзара бөлісті.
Тоғызқұмалақтан облыстың аға жаттықтырушысы Хәкімжан Елеусіновтің айтуынша, 21-27 қаңтар аралығында Ақтөбеде ерлер арасында, 14-20 ақпан аралығында Көкшетауда әйелдер арасында өтетін Қазақстан Республикасының командалық чемпионаттарында облыс спортшылары бақтарын сынайды.