Қызылорда облысы тағы да үздік
2018 жыл Сыр өңірі үшін берекелі де жемісті жыл болды. Алматы қаласында Қазақ Спорт және Туризм академиясы мен "Спорт жұлдыздары" республикалық журналының ұйымдастыруымен "Жыл үздіктері - 2018" номинациясының жеңімпаздары марапатталды. Қызылордалықтар бірнеше номинация бойынша жеңімпаз болды. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі Айгүл Сағымбай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Kyzylorda.news.kz.
Атап айтқанда:
1) "Үздік спортқа жанашыр облыс әкімі" номинациясы бойынша Қызылорда облысының әкімі Көшербаев Қырымбек Елеуұлы жеңімпаз деп танылды;
2) "Үздік спорт басқармасы" номинациясына Қызылорда облысының денешынықтыру және спорт басқармасы (басқарма басшысы Акимов Олжас Азатұлы) ие болды;
3) N2 Облыстық олимпиадалық резерв мектебі "Үздік спорт мектебі" (директоры Меңдияров Асқар Танабекұлы) атанды.
4) Қызылорда облысының денешынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Шоңғалова Лаура Кенжебекқызы - "Үздік баспасөз хатшысы" номинациясымен марапатталды.
5) «Үздік аудандық спорт әдіскері – 2018» номинациясының иегері - Жаңақорған аудандық білім бөлімінің әдіскері Оралбеков Қайрат Пәйізұлы болды.
Сонымен бірге, Айгүл Сағымбайдың жазуынша, жерлестеріміз – Садық Шоңмұрынұлы Мұстафаев (Қазақстан республикасы Білім және ғылым министрлігі, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры) «Үздік спорт жанашыры – 2018» номинациясымен марапатталса, Тараз «Парасат» колледжі директоры Имандосова Бақытгүл Самұратқызы «Үздік спортқа жанашыр колледж - 2018» номинациясын иеленген.
Марапаттарды спорт саласының майталмандары Дәулет Тұрлыханов, Ермахан Ибраимов, Қанат Ислам табыстады.
«Бұл жетістікке қалай келдік? Қысқаша айтсақ: Елбасының Жолдауында спорт саласын, бұқаралық спортты дамытуға байланысты айтылған тапсырмалар аймақта өз деңгейінде атқарылып келеді. Биыл облыстық бюджеттен 7 елді мекенде спорт нысандары пайдалануға берілсе, мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында 9 жоба іске қосылды. Спорт мектептерінің материалдық техникалық базасын нығайту мақсатында қала, аудан мектептеріне 8 автокөлік алып берілді. Сондай-ақ, спорт басқармасының бағынысындағы мекемелер спорттық құрал жабдықтармен (бокс рингі, күрес кілемдері, татами, даянг, ауыр атлетика штангасы, тұғыры және т.б.) қамтамасыз етілді. Осындай жұмыстардың арқасында Сыр спортшылары биыл Қазақстан, Азия, Әлем чемпионаттарында 1 500 медаль жеңіп алды», - деп жазады А.Сағымбай.
Бұдан бөлек, Қызылордада "Ұлттық және ат спорты түрлері бойынша" спорт клубы және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған спорт клубы ашылды. Өңірде спорт саласын дамыту және нығайту бойынша 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды. Спортты дамытудағы жұмыстардың барлығы облыс әкімінің тікелей қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.