Дамир Исмағұлов Қазақстанға қоныс аударып, спорт мектебін ашқысы келеді
Атақты спортшы Дамир Исмағұлов Батыс Қазақстан облысында қонақта болып, жергілікті жастармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мой город порталына сілтеме жасап.
UFC-дегі алғашқы қазақ спортшысы, таяуда ғана алғашқы жеңісіне қол жеткізген Дамир Исмағұлов батысқазақстандық жас буынмен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Өзінің айтуынша, ол бала кезінде спортпен айналыспаған.
«Жекпе-жекке 20 жасымда келдім. Мен тек футболмен айналысатын ортада өстім. Спорт залымыз өте кішкентай еді. Жыл бойы доп қуалайтынбыз. Институтқа түскен соң күреспен айналыстым. Қоян-қолтық ұрыстан бастадым. Ең алғашқы жекпе-жегімді өмір бойы ұмытпаспын. Жолым болып, ойламаған жерден жеңіп кеттім. Өзім де түсінбей, аң-таң болдым. Басында жаттықтырушы сен әлі дайын емессің деп мені алмай қойған, сосын жаттығуда жеңіске жетіп, сосын ол мені жарысқа қосты. Финалда өз клубымдағы спортшыны жеңдім. Жеңіс жолы солай басталды. Ал, қазір мен әлемдегі ең мықты лигадамын», - дейді Дамир Исмағұлов.
Спортшы медицина және өмір қауіпсіздігін сақтау кафедрасын тәмамдаған. Үйленбеген.
«Басым бос. Мұндай режиммен жеке өмірге көңіл бөлуге уақыт жоқ. Екеуінің бірін таңдау керек болды. Әйтеуір бір үйленермін. Таңдаған жұбайым түсіністікпен қарап, маған әрқашан қолдау көрсетсе деймін. Бәрі өз уақытымен», - деп жауап берді спортшы жеке өмірі туралы сауалға.
Оның әлі әзір спорттан кететін ойы жоқ.
«Алдағы бес жылымды жекпе-жекке арнаймын. Осы аралықта қалайда бір жетістікке жетуге тиіспін. Жалпы, Қазақстанға көшіп келіп, осында күрес мектебін ашу, бала тәрбиелеу ойда бар. Мен Қазақстанды жақсы көрем. Бірақ мұнда жаттығу өте қиын. Мен Алматыда және Астанада болдым. Бізді күн сайын қонаққа шақыратын. Бірақ маған диета сақтап, жекпе-жекке дайындалу керек. Ал қонаққа бармасаң, тағы ренжиді», - дейді Дамир.
Кездесу соңында спортшы жас буынға жетістікке жету үшін тынбай еңбек ету керектігін еске салды.
«Алдыңа мақсат қойдың ба, оған жету үшін көп тер төгу керек. Қиындықтан қорықпаңдар. Шыдамды болған жөн», - деді Дамир Исмағұлов.