Мөрәлі Шәменовті еске алуға арналған дзюдодан республикалық турнир басталады
24-25 қараша күндері Қызылорда облысы, Жалағаш кентінде ауыл шаруашылығының көрнекті ұйымдастырушысы Мөрәлі Шәменовті еске алуға арналған дзюдодан 2002-2003 жылдары туылған жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтеді.
Дүбірлі бәсекеге Астана, Шымкент қалаларынан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарынан 400-ге жуық татами шеберлері 9 салмақ дәрежесінде (38, 42, 46, 50, 55, 60, 66, 73, +73 келі) жүлделерді сарапқа салады. Оның ішінде Сыр өңірінен 150-дей спортшы қатысады. Жарыс Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Жалағаш ауданының әкімдігі және Шәменовтер отбасының ұйымдастыруымен өтеді.
Жасөспірімдер арасында облыстың аға жаттықтырушысы Арман Молдахановтың айтуынша, республикалық турнирде жеңімпаз және жүлдегер спортшыларға ҚР спорт шеберіне үміткер атағы беріледі. Сондай-ақ, Қазақстан чемпионаттарында облыс намысын қорғайтын спортшылар іріктелінетін болады.
Жарыста бас төрешілік қызметті халықаралық дәрежедегі төреші, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ришат Бурлов (Қызылорда) атқарады.
Дәстүрлі сайыс 24 қараша күні сағат 10.00-де басталады.