Қызылордалық 4 велоспортшы Азия чемпионатына жолдама алды
Астана қаласында тректегі велоспорттан өткен Қазақстанның ұлттық чемпионатында қызылордалық велоспортшылар 8 медаль олжалап, жалпы командалық есепте үшінші орынға ие болды.
Скретч сайысында Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы Роберт Гайнеев жеңімпаз атанса, Ғабиден Әзен қола жүлдені еншіледі. Азия чемпионы Асылхан Тұрар мэдисон және топтық сайыстарда қос алтын медальдарды жеңіп алды.
Мэдисон сайысында Ғабиден Әзен жеңіс тұғырына көтерілсе, Роберт Гайнеев пен Игорь Юсифов ел чемпионатының күміс жүлделерін иеленді. Бес велошабандоздарымыз, Асылхан Тұрар, Роберт Гайнеев, Мади және Ғабиден Әзендер, Игорь Юсифов 4 шақырымға созылған командалық сайыста топ жарды.
Облыстың аға жаттықтырушысы Руслан Ягафаров пен жаттықтырушы Жандос Махамбетовтен тәлім алған Ғабиден Әзен, Асылхан Тұрар, Роберт Гайнеев және Игор Юсифов келесі жылдың қаңтар айында өтетін Азия чемпионатына дайындалады.
Спортшылар Азия чемпионатының алдында Ыстықкөлде және Түркияда өтетін оқу-жаттығу жиындарына қатысады.