ДЕНСАУЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ МЕКТЕП МЕРЕТОЙЫНА АРНАЛДЫ
Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде түрлі спорттық шараларды қамтитын Денсаулық фестивалі өтті. Шараға 7-12 – сынып оқушылары мен барлық мектеп қызметкерлері қатысып, «белсенді демалыс» аясында салауатты өмір салтын насихаттады.
Спорттық-рухани байлықты кеңейту, зияткер оқушылардың денсаулықтарын шыңдау және мектептің 5-жылдық меретойын атап өту мақсатында ұйымдастырылған Денсаулық фестивалінің бағдарламасы бойынша мектептің барлық сынып оқушылары мен қызметкерлер спорттық шараға қатысуға мүмкіндік алды. 7,8-сыныпоқушылары эстафеталық ойындарда сынға түсті. Белгіленген жерге дейін эстафеталық таяқшамен жүгіріп келу, шығыршықпен кедергілер арқылы жүгіріп,бір-бірін тасымалдау, допты аяғының арасына салып жүгіру секілді тапсырмаларды орындаған ойыншылар эстафетаның денсаулық үшін пайдалы әрі көңілге қызықты өткенін айтты. Жарыс қорытындысы бойынша эстафетадан 7-сынып оқушылары арасында үшінші орынды 7 «F» сынып, екінші орынды - 7 «С» сынып, ал бірінші орынды 7- «В» сынып оқушылары иеленді.
Спорт күнінде 9-сыныптың ұлдар командалары баскетболдан, ал қыздар командалары волейбол спорт түрі бойынша бақ сынасып, жанкүйерлерге керемет ойын үлгісін көрсете білді. Ойын барысында шапшаңдық пен кәсібилігін танытқан ойыншылар арнайы дипломдармен марапатталды. Бұл сайыста ұлдар арасында озып шыққан 9 «E» сыныбының жігітеттері және қыздар арасында 9 «В» сыныбының оқушы қыздары болды.
Денсаулық фестивалінде өткізілген велошеру қауіпсіздікті сақтай отырып, әр шаңырақтан 1 оқушы велосипедпен мектеп алаңын айналып, денсаулықтарын нығайтты.
Күнделікті жұмыс орнын бір сәт спорттық алаңға алмастырған мұғалімдер мен мектеп қызметкерлері де Денсаулық фестивалінде өзара бақ сынап, қол күрес пен арқан тартыстан өз шеберліктерін көрсетті. Нәтижесінде, қол күрестен курнаторлар мен тәрбиешілер командасы бірінші орынды иеленді, екінші орынға тех.қызметкерлер, ал үшінші орынға жаратылыстану пәндер мұғалімдері тұрақтады. Арқан тартыстан озып шыққан – жаратылыстану пәндер мұғалімдерінің командасы болды. Жүлделі екінші және үшінші орындарды әкімшілік және гуманитарлық пәндер мұғалімдері командалары бөліп алды.
Жаңа оқу жылындағы қарбалас жұмыстан босап, денсаулыққа пайдалы спорттық сайыстарда өнер көрсеткен командалар белсенді демалыстан бойларына қуат алып, мектеп ұжымының ауызбіршілігі артты.