ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫНА 200-ДЕН АСТАМ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚАТЫСАДЫ
Қырғызстанда өтетін III Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға әлемнің 53 елінің спортшылары өтініш білдірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат ДКО Хатшылығына сілтеме жасап.
Хатшылықта алдағы III Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 53 елінен 1 мың 946 спортшы қатысатынын жеткізді.
Алдын ала мәліметке сәйкес, III Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға ең көп өтініш білдірген Қырғызстан болған. Елдің спортшылар құрамы 458 адамнан тұрады. Ресей Федерациясы 235 адаммен екінші орында тұр. Қазақстаннан 195 спортшы қатысады. Өзбекстан - 108, Пәкістан - 91, Иран - 92, Түрікменстан - 65, Үндістан - 64, Ауғанстан - 62, АҚШ - 58, Тәжікстан - 55, Украина - 46, Қытай - 37, Шри-Ланка - 34, Моңғолия - 21, Франция - 19, Польша 23 спортшыдан әкеледі. Беларусь пен Болгарияның әрқайсысын 17 спортшы таныстырады. Қалған мемлекеттерден 16-ға жуық адам қатысады.
Қатысушылар спорттың 37 түрінен сайысқа түседі. Олардың қатарында қазақ халқының ұлттық спорт түрі - қазақ күресі бар.
Барлығы 594 медаль (174 алтын, 173 күміс және 247 қола). III Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпы жүлде қоры 26 млн сомнан асады. Ойындар 2018 жылы 2-8 қыркүйек аралығында Ыстықкөлдің жағасында өтеді.
Аталмыш ойындардың жабылу салтанатында Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу құқығы өзге елге беріледі. Алайда ұйымдастырушылар әзірге келесі ойындар қай мемлекетте өтетінін жария етпей отыр. Бұған дейін аталмыш шара тек Қырғызстанның аумағында ғана өткізілген. Келесі ойындарды ұйымдастыруға үміткер елдердің қатарында Қазақстан, Әзербайжан және Түркия көш бастап тұр.