СЫР ҚЫЗДАРЫ ҚОЛА ЖҮЛДЕ ИЕСІ АТАНДЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласында Қазақстан Республикасының 4-ші Жастар спорт ойындары аясында бокстан жарыс өтті. Оған Астана, Алматы қалалары мен еліміздің 12 облысынан 100-ге жуық 1999-2000 жылдары туылған жас боксшылар қатысты.
Жарыс қорытындысында облысымыздың қыздар құрамасы жалпыкомандалық есепте үшінші орынды еншіледі.
Аймақ намысы сынға түскен додада Қызылорда, Қазалы қалалары мен Қазалы аудандарының спортшылары команданың алға шығуына өз үлестерін қосты. Атап айтсақ, 81 келі салмақта сынға түскен Таңшолпан Әлиева күміс жүлдеге қол жеткізді. Гүлжанат Оңдаш (54 келі), Назерке Бақыт (57 келі), Ғалия Толыбай (69 келі), Таңшолпан Жақанбай (75 келі) және Мөлдір Раушанбек (+81 келі) қола жүлдеге ие болды.
Спортшыларды жарысқа Бақытбек Құлбаев, Шахноза Исаханова, Айдос Өмірбеков және Жәнібек Аралбаев дайындады.