«ҚАЙСАР» ҚАЗАҚСТАН КУБОГЫ ЖОЛЫНДАҒЫ ЖАРЫСТАН ШЫҒЫП ҚАЛДЫ
Күтпеген нәтиже Талдықорғанда тіркелді. Онда бірінші лигада ойнайтын талдықорғанның «Жетісу» командасы өткен жылғы ел чемпионы әрі кубоктың иегері «Астананы» қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
«Ақжайық» пен «Ақтөбе» командалары 120 минут бойы аңдысқанымен, бірде-бір гол соға алмады. 11 метрлік бәсекеде оралдықтардан Руслан Валиуллин мүлт кетіп, ақтөбеліктер 5:4 есебімен ұтып, келесі кезеңге жолдама алды.
«Атырау» мен «Оқжетпес» командалары Оңтүстік Қазақстанға барып, бірінші лига клубтарынан шеберлігін асырды. Атыраулықтар Шымкентте «Қыраннан» 2:1 есебімен басым түсті, ал «Оқжетпес» Атакентте өткен ойында «Мақтааралды» 4:1 есебімен ойсырата ұтты.
Оңтүстік Қазақстанның бас командасы «Ордабасы» Петропавлда бірінші лиганың тағы бір өкілі «Қызылжармен» өткен кездесуде жерге қараған жоқ. Гогита Гогуа соққан жалғыз гол шымкенттіктерге жеңіс әперді.
Жуырда Қарағанды облысының әкімімен кездесіп, қатты сынға ұшырап, сөгіс алған «Шахтер» клубының басшылығы содан қорытынды шығарған болуы керек. Премьер-лигада көш соңында келе жатқан кеншілер Қостанайда «Тобылды» 2:1 есебімен тізе бүктірді.
Биылғы жылдың суперкубогының иелері Алматының «Қайраты» өз алаңында «Таразды» қабылдап, 2:0 есебімен басымдылық танытты.
Павлодарда «Ертіс» пен Қызылорданың «Қайсары» қосымша екі тайм ойнауға мәжбүр болды. Негізгі уақытта алаң иелерінен Исмаэль Фофана мен Франк Джа Джедже қарсыластың қақпасына бір-бірден гол енгізсе, «Қайсардан» Думан Нәрзілдаев пен Елжас Алтынбеков өз мүмкіндіктерін мүлт жіберген жоқ. Қосымша уақытта Родригоның арқасында «Ертіс» 3:2 есебімен «Қайсардың» меселін қайырды.
Сөйтіп Қазақстан кубогы үшін ширек финалда 10 мамырда «Атырау» - «Ақтөбе», «Оқжетпес» - «Шахтер», «Жетісу» - «Ордабасы» және «Қайрат» - «Ертіс» ойнайтын болды.