ҰЛТТЫҚ ҰЛАН «ОҢТҮСТІК» ӨҢІРЛІК ҚОЛБАСШЫЛЫҒЫ ЖҮЛДЕСІ САРАПҚА САЛЫНДЫ
Қызылордадағы ҚР Ұлттық ұланы №5547 әскери бөлімінде самбо күресінен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы біріншілігі өтті.
Біріншілікке Алматы, Талдықорған, Тараз, Ұзынағаш, Шымкент пен Қызылорда қаласындағы тоғыз әскери бөлім қызметкерлері қатысты.
Самбо (қарусыз өз-өзін қорғау) – ССРО кезінде пайда болған спорттық жекпе-жек түрі. Әлем халықтарының ұлттық күрестерінің әдістері топтастырылған бұл спорт түрі бүгінде жер жүзіне кеңінен танымал екендігін айта кетейік.
Жарыстың салтанатты ашылуына қатысқан Ұлы Отан соғысы мен Ауғанстан майданының ардагерлері, спортпен айналысу әскерилер бойында төзім мен жігер қалыптастыратынын атап өтті. Самбо отбасы мен Отанын қорғаймын деген әрбір азаматтың серігі болуы тиіс.
Бірінші орынды Шымкенттегі № 6506 әскери бөлім самбошылары алса, екінші орын тұғыры 5571 әскери бөлім (Алматы) сарбаздарына бұйырды, ал Қызылордадағы 5547 әскери бөлім спортшылары үшінші орынды иеленді. Жалпыкомандалық есепте №№ 5513, 7552, 28237, 5514, 6698 және 3650 әскери қалған орындарға тұрақтады.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне марапатты ҚР Ұлттық Ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтанов тапсырды. Ол сайыста озып шыққандарға медальдар мен грамоталарға қоса «Динамо» денешынықтыру-спорт ұйымының экипировкасын табыстады.
Адина МҰРАТОВА,
№3 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы