БАСКЕТБОЛДАН ДӘСТҮРЛІ ТУРНИР АЯҚТАЛДЫ
Қызылордада баскетболдан жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында «Петро Қазақстан Кұмкөл Ресорсиз» АҚ жүлдесі үшін дәстүрлі облыстық ашық турнир өтті.
Биыл 21-ші мәрте ұйымдастырылған турнирге Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарынан 16 команда қатысты.
Жарыстың мақсаты – жалпы білім беретін мектеп оқушыларының мектептен тыс уақытын тиімді өткізу, саламатты өмір салтын насихаттау және олардың арасында достық қарым-қатынасты нығайту болды.
Жарыс нәтижесінде ұлдар арасында Қызылорда қаласының командасы топ жарды. Екінші орынды Жаңақорған ауданының №110, үшінші орынды Шиелі ауданының №270 орта мектебінің оқушылары еншіледі.
Ал қыздар арасында Қызылорда қаласының «Мұрагер» дарынды балалар мектебінің оқушылары қарсылас шақ келтірмеді. Екінші орынға түркістандық баскетболшылар тұрақтаса, үшінші орын Қызылорда құрамасының еншісіне тиді.
Төрт күнге созылған турниде командасын жеңіске жетелеген Ислам Окуев (Қызылорда), Ерқанат Ибадулла (Жаңақорған), Фатима Шакирова (Түркістан), Жанна Қали («Мұрагер» мектебі) «Үздік ойыншы» номинацияларын иеленді.
Ал Александр Жавзмагин (Қызылорда), Диляра Мұсаева (Жаңақорған), Алексей Когай (Шиелі), Марина Шамшудинова (Түркістан), Ким Олег (Қызылорда), Дастан Жұбаназаров (Ақтөбе) «Үздік жаттықтырушы» атанды.
«Үздік төреші» номинациясын Марат Қоңқабаев (Қызылорда), Сайора Омарқұлова (Сырдария), Малика Омарова (Қызылорда) алды.