ҚЫЗЫЛОРДАДА ВЕЛОСПОРТТАН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ
Қызылорда қаласында велоспорттан жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Облысымызда үшінші мәрте ұйымдастырылған велошабандоздар жарысына Астана, Алматы қалаларынан және еліміздің он облысынан 100-ге жуық велошабандоздар қатысуда.
Олар 5 күн бойы Қызылорда-Шымкент, Шымкент - Самара және Қызылорда-Самара бағыттарындағы тас жолда топтық, жекелей және айналма жарыстарда бақ сынайды.
Жарыстың салтанатты ашылуында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев пен Қазақстан тарихында тұңғыш Әлем чемпионы, КСРО-ға еңбегі сіңген спорт шебері, Қазақстан велосипед спорты федерациясы президентінің кеңесшісі Марат Сатыбалдиев сайысқа қатысушыларды құттықтап, жеңіс тіледі.
Жарыс бағдарламасы бойынша кеше 25 шақырымдық жекелей жарыс басталды. Чемпионат 16 сәуірге дейін жалғасады.
Жарыстың ашылуынан кейін 2000-2001 ж.т. ұлдар мен қыздар арасында топтық жарыс өткізілді. Қыздар арасында қызылордалықтар жақсы өнер көрсетті. Нәтижесінде Аружан Ғалымжан жеңімпаз атанса, Анастасия Иванова 2-орынды, Ақтолқын Әбдіжаппар 3-орынды иеленді.
Ұлдар арасында Александр Бекеновтің (Қарағанды) мерейі үстем болса, Илья Рябов (ШҚО) күміс жүлдені, Анатолий Боярский (Алматы обл.) қола жүлдені еншіледі.
Сондай-ақ, велоспорттан Қазақстан чемпионаты аясында екінші рет мектеп жасына дейінгі балалар арасында «Балдырған - 2017» атты Қызылорда қаласының Гран-при жарысы өткізілді. Оған Қызылорда қаласынан 15-ке жуық балабақшадан 5-6 жастағы кішкентай балалар қатысып, үздіктері анықталды.
Ұлдар арасында Мансұр Пахрадин 1-орынды иеленсе, Мадияр Дәулетұлы 2-орынға, Нұрали Қойбағаров 3-орынға ие болды.
Қыздар арасында Дария Шахарман жеңіс тұғырына көтерілсе, 2-орынды Раяна Пернебек, 3-орынды Рәбиға Мәуленқызы еншіледі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге облыстық велосипед спорты федерациясының арнайы сыйлықтары табыс етілді.