АТАҚТЫ ЖАТТЫҚТЫРУШЫ АТЫНДАҒЫ ЖАРЫС
Қызылордада ҚазССР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Валентин Лиді еске алуға арналған ұлдар мен қыздар арасында веложарыс аяқталды. Екінші мәрте ұйымдастырылып отырған жарысқа Ақмола, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарынан 11 команда бақ сынасты. Бұл туралы облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды.
В.Ли Сыр бойындағы велоспорттың бастауында тұрғандардың бірі. 1934 жылы Сахалинде туып, Сыр бойында бойы бекіген азамат велоспорттан қырыққа жуық спорт шеберін тәрбиеледі. Оның шәкірттері арасында спорттың осы түрінен алғашқы халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Александр Полухин мен Виктор Хрустов, тұңғыш спорт шеберлері – В.Сандыбаев, Р.Бадретдинов, С.Быков, Б.Данилов, В.Южаков, Г.Ким және В.Рыбакин бар.
Екі күнге созылған жарыс нәтижесінде 15 шақырымдық жекелей жарыста қыздар арасында Әсем Төлемісова бірінші болып келсе, ақмолалықтар Ульяна Сухоребрик күміс жүлдені, Алена Оськина қола жүлдені еншіледі.
Ұлдар арасында ақмолалық Сергей Срибный жеңіс тұғырына көтерілсе, қызылордалық Айзат Сүлейменов 2-орынды, шығысқазақстандық Мейіржан Қайсаров 3-орынды иеленді.
30 шақырымдық топтық жарыста қыздар арасында ақмолалық Елизавета Гринберг бірінші, қызылордалықтар Анастасия Иванова екінші, Әсем Төлемісова үшінші орындарға ие болды.
40 шақырымдық ұлдар арасында шығысқазақстандық Мейіржан Қайсаров жеңімпаз атанса, қалған орындарды қызылордалық Айзат Сүлейменов пен ақмолалық Әлібек Әбдіров еншіледі.