ТАШКЕНТТЕН ТАБЫСПЕН ОРАЛДЫҚ
Өзбекстан астанасы Ташкентте 8-18 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар арасында шахматтан Азия чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге Қызылорда облысынан 3 спортшы қатысып, 4 медаль иеленді.
Шахматтың рапид, классика және блиц түрлерінен сынға түскен Әсел Серікбай жоғары нәтиже көрсетті. 16 жасқа дейінгілер арасында өнер көрсеткен Әсел рапид бойынша 7 ойыннан 6 ұпай, классикада 9 ойыннан 8 ұпай, блицте 9 ойыннан 7 ұпай жинап, Азияның абсолютті чемпионы атанды.
Ал 14 жасқа дейін бақ сынаған Назерке Нұрғали классика бойынша 9 ойыннан 6,5 ұпай жинап, Азия чемпионатының қола жүлдесін иеленсе, Мейіржан Бармағанбетов рапид бойынша төртінші орынды еншіледі.
Ә.Серікбай мен Н.Нұрғали 20 сәуір - 1 мамыр аралығында Румынияда шахматтан оқушылар арасында өтетін әлем чемпионатына қатысады.