ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ СПОРТШЫЛАР ЖОҒАРЫ НӘТИЖЕ КӨРСЕТТІ
Шардж қаласында (БАӘ) мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында жеңіл атлетикадан өткен халықаралық лицензиялық турнирде жерлестеріміз жоғары нәтижелерге қол жеткізді, деп хабарлайды облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының баспасөз қызметі.
Атап айтсақ, Ислам Салимов 100 метрге жүгіруде екінші орынды иеленіп, өз рекордын жаңартты. Сондай-ақ, ол 200, 400 метр қашықтыққа жүгіруден күміс жүлдені еншілесе, ұзындыққа секіруден бірінші орынды жеңіп алды. Еламан Жоламан найза лақтырудан жеңімпаз атанды. Қолғанат Бақберген найза лақтырудан жүлделі 2-орынға ие болып, өз нәтижесін жаңартты.
Ислам мен Еламан шілде айында Лондонда өтетін Әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды. Ал Қолғанаттың алдында әлі іріктеу сындары бар.
Жалпы жарысқа 18 мемлекеттің спортшылары қатысты. Облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде тәлім алатын спортшыларды жарысқа ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Юрий Мощеев дайындады.