УНИВЕРСИАДА-2017: АЙДЫНҒА ҚЫЗДАР ШЫҚТЫ
«Медеу» мұз айдынында конькимен жүгіруден жарыста жүлдегерлердің алғашқы легі кеше анықталды. Бір жарым шақырым қашықтықта бақ сынасқан жерлесіміз Екатерина Айдова қола медальға қол жеткізді. «Рекордтар фабрикасы» атанған Медеу мұз айдынында бүгін тағы да финал. Медеу мұз айдынындағы кезекті жарыс басталды. Бүгін конькимен жүгіруші қыздар 3 мың метр қашықтықта бақ сынады. Оған 15 мемлекеттен 32 спортшы қыз қатысты. Атлеттердің үшеуі біздің елдің бұрымдылары. Атап өтсек, Эльвира Халықова, Мария Сизова және Татьяна Климчук. Еске сала кетейік, кеше конькимен жүгіруден ерлер 5000 метрде өзара үздікті анықтады. Ал қыздар 1500 метрде бақ сынады. Өкінішке орай жігіттеріміз алғашқы үштікке іліне алмады. Ал қыздар арасындағы жарыста Екатерина Айдова қола жүлде қанжығалады. Бұл конькимен жүгіру спортындағы алғашқы алқа.