МҰЗ ҮСТІНДЕГІ ӨНЕР - ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ
«Kazsport» телеарнасы Ресейдің Мәскеу қаласында өтетін мәнерлеп сырғанаудан Гран-при сериясының үшінші кезеңі - «Rostelecom Cup 2016» жарысын тікелей эфирде көрсетеді.
Аталған халықаралық жарысқа қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева қатысуды жоспарлауда. Оның өнерін көрермендер «Kazsport» телеарнасында 4 қараша күні сағат 23:25-те және 5 қарашада сағат 22:35-те тамашалай алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақстан» телеарнасының Стратегиялық маркетинг департаментіне сілтеме жасап. Еске салар болсақ, Элизабет былтыр «Skate America-2015» турнирінде - төртінші, «Skate Canada - 2015» бәсекесінде жетінші орынға ие болған еді. Сонымен қатар, Тұрсынбаева ағымдағы жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиаданың қола жүлдегері. «Rostelecom Cup 2016» турнирі - бұл 2016-2017 маусымның мәнерлеп сырғанау бойынша ISU Гран-придің үшінші кезеңі. Турнир ұйымдастырушысы - ISU қолдауымен Ресейдің мәнерлеп сырғанау федерациясы. Жарыс ерлер мен әйелдердің жекелей сырғанауы, жұппен сырғанау және мұзда билеу категориялары бойынша өтеді.