Путин ұсынған АЭС Алматы облысында салынбақ
Қазақстанда салынуы ықтимал атом электр станциясына (АЭС) арналған аумақ ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылы таңдалған. Бұл туралы Қазақстан энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевке сілтеме жасап, Ұлт интернет-басылымы хабарлады.
Мырзағалиевтің сөзінше, АЭС салу бойынша нақты шешім әлі қабылданбаған.
"Әзірге тек [станция салынуы мүмкін] аумақты белгіледік. Өзімізге сай келетін технологияны іріктейміз. Бұл туралы әлі талқыланады. Аумақ ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылы таңдалды", - деді вице-министр.
Оның сөзінше, "АЭС құрылысы әлі де зерттелуі керек".
Нұр-Сұлтанға АЭС құрылысын ресейлік технологиямен жүргізуді Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен Кремльдегі кездесуі кезінде Ресей президенті Владимир Путин ұсынған.
3 сәуірде өткен жиында Путин Тоқаев екеуі "бейбіт атом саласындағы серіктестік" жайлы талқылағанын айтқан. Оның сөзінше, "уран өндіру және байыту бойынша Қазақстан мен Ресейдің бірлескен алты өнеркәсібі жұмыс істейді".
Қазақстанмен АЭС құрылысын талқылауды Путин "әріптестіктің жаңа формасына өту" деп атаған.