ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ДЕПУТАТТАР ТЫҢ БАСТАМАЛАРҒА ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ
Қызылордада облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутатық фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Күн тәртібінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттер талқыланды.
Партия облыстық филиалының мәжіліс залында өткен жиынға облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, партия ардагерлері мен белсенділері қатысты.
Отырысты ашқан фракция жетекшісінің орынбасары Райкүл Байназарова:
«Қазіргі әлемнің даму бағытын алдын ала болжауға болмайтын бұлыңғыр кезеңде Мемлекет басшысы жариялаған бұл мақаланың тарихи маңызы ерекше. Елбасы бұған дейін алдағы экономикалық, саяси жаңғыруға арналған нақты бағыттарды өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айқындап берді. Енді осы мақала арқылы ұлтымыздың рухани болмысын түгендеп, тарихи тағылым арқылы дамудың тың тетіктерін көрсетіп отыр. Бүгінде біз әлемдік өркениеттің ең озық дәстүрлерінен болмысымызға сай тұстарын игеріп, өз руханиятымызды дәріптейтін деңгейге көтерілдік», – деп атап өтті.
Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясы облыстық «Теміржол» филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Амангелді Арысбаев: «Бұрын техника, экономика бәрін шешеді деп ойлаушы едік. Қазір бәрі өзгеріп жатқан заманда, ұлттық санаға ерекше мән берілуде. Егер халық өте білімді болса, ол кез келген нәрсеге тез бейімделетін болады. Сондықтан, біздің санамыз ісімізден бұрын жаңғырып отыруы тиіс», – деді.
Елбасы мақаласындағы ұлтты ұйыстыратын «Туған жер» бағдарламасына назар аударған облыстық мәслихат депутаты Жанкелді Ысқақов оның нағыз патриоттық және рухани тәрбиенің нышаны екенін жеткізді. «Президент «жаңғырған қоғамның өзінің рухани коды болады», деді. Жаңғыртудың ең басты шарты – сол ұлттық кодты сақтай білу. Ол дегеніміз Қазақстанның ұлан-ғайыр жерімен, аса бай рухани тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрлері», – деді Ж.Ысқақов.
Жиынды қортындылаған Р.Байназарова стратегиялық құжатта қазақ елі қалай дамиды, қоғам қалай ілгерілейді деген көп сауалға жауап берілгендігін айтып, жиылғандарды еліміздің қайта түлеуіне бағытталған бастамаларды жұмыла жүзеге асыруға шақырды.