ЖАПОНИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ СЫР ЕЛІНЕ КЕЛДІ
Кеше Қызылорда облысына Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Итиро Кавабата бастаған делегация жұмыс сапарымен келді. Елші аймақтағы бірқатар өндірістік нысандарды аралап, Қызылорда қаласының сол жақ жағалау құрылысы жобасымен танысып, содан соң облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен кездесті.
Кездесу барысында облыс әкімі Итиро Кавабатаға ұзақ мерзімді әріптестік байланысы үшін ризашылығын білдірді.
- Елімізде жуырда басталатын «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне Қызылорда облысы белсенді атсалыспақ. Аймақтағы «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен «Қорқыт Ата» мемориалдық кешені туристік нысандар тізіміне енгізілген. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сізді және жапон халқының өкілдерін көрме барысында Сыр еліне келіп-қайтуға шақырамын,- деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Қызылорда облысында инвесторлар үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалғандығын жеткізді.
Ал бүгін Итиро Кавабата бастаған жапон делегациясы Байқоңыр айлағында «СОЮЗ-МС» ғарыш кемесінің ұшырылуына қатысып, «Қорқыт Ата» мемориалдық кешенінің жұмысымен танысады деп жоспарлануда.