Қажылыққа 100 рет барған қазақстандық ұлан-асыр той жасады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Алматыда бұрын көз көріп, құлақ естімеген той болды. Амангелді Еренғайып есімді азамат қажылыққа 100 рет барғанын ұлан-асыр думанды той қылып атап өтті, деп хабарлайды Stan.kz.
Қонақтардың алды Мысыр, Сауд Арабиясы, Палестинадан келген. Тіпті, араларында Мұхаммед пайғамбардың тікелей ұрпағы саналатын екі азамат бар. 46 жастағы қажы бұл әрекетіне дін ғалымдары рұқсат берді дейді.
Той иесі Амангелді Еренғайыпұлы Қазақстандағы жалғыз ақсұңқар құсты қолға қондырып, думанды салтанатқа кіріп келді.
Кең сарайдай тойханаға 300-ге жуық халық жиналған. Келген қонақтың барлығы мұндай той тұңғыш рет дейді. Қажылыққа барған 100-сапарын атап өткен Амангелді Әбдіхалықты құттықтап арысы Мысыр мен Сауд Арабиясынан, берісі бүкіл Қазақстаннан қонақтар келіпті. Қазақстанның экс-мұфтилері мен ғалымдары, өнер адамдары той төрінде. Тойға пайғамбардың қос бірдейі ресми ұрпағы да келді.
"Шейх Амангелдінің шүкір кешіне арнайы Меккеден келдім. Басқа той, қуаныш болса келмес едім. Меккеде тұрып мұндай тойды естімеппін. Қажылыққа бір рет барғана адамның күнәсі кешіріледі, ал 100 рет барған адамның сауабына сан жетпейді. Өзімен бірге қанша адамды апарды. Сол сауапты алла қияметте көрсетсін", - дейді шейх Түрки.
Онымен бірге пайғамбардың тағы бір ұрпағы шейх Мәзин, Египеттен сот төрағасы Әбдулхамит, Әлиасқар университетінің деканы да тойда қонақта.
Бірнеше кітаптардың авторы той жасаудан бұрын ғалымдардан пәтуа алғанын айтты.
Амангелді қажы алғашқы қажылығын 23 жасында өтепті.
"Египетте оқып жүргенде алғаш 1996 жылы теңізде кемемен екі күн жүріп барған болатынмын. Ол кезде 23 жаста едім. Енді дәл 23 жылдан кейін 100-қажылық сапардан оралып отырмын", - деді Амангелді қажы.
100 сапардың 22-і үлкен қажылық екен. Оның айтуынша, ол Меккедегі қағба ішіне екі рет кірген жалғыз қазақстандық. Ұлан асыр той жасау - мақтан емес, жаратқанға алғыс айту дейді той иесі.