Әннің де естісі бар…
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазақ баспасөзінде эстрадалық әндердің сапасына қатысты сын аз айтылып жүрген жоқ. Әншілердің жанды дауыста ән салмай, студияда алдын ала жазылып қойылған дауысын қолданатыны, ән мәтіндерінің шикілігі мен осалдығы сынды мәселелер журналистер мен кәсіби мамандар тарапынан жиі қозғалып келеді. Мұндай сын-ескертпелерден тиісті қорытынды шығарып, оны елеп-ескеріп жатқандар бар ма екен деп те бір сәт ойланасың!? Әншілер мәдениет пен өнер саласының өкілдері болған соң, оларға артылар жауапкершілік те биік болатыны белгілі. Ал мәдениет пен өнер халықтың эстетикалық талғамын қалыптастыратындықтан, оның сапасына, ұсынылып жатқан музыкалық және өзге де рухани өнімдерге әсте бейжай қарауға болмайтыны түсінікті.
Иә, ән дейтін ұлы құбылыстың, халықтық өнердің сан қырлы түйткілдеріне зер салғанда, бүгінде жеке бір жанр ретінде дамып келе жатқан «эстрадалық әндер» дейтін бағыт тек қана қазақ даласында емес, бүкіл әлемдік үрдіске айналды. Эстрадалық шығармалар «рок», «поп», «джаз», «рэп» деп тармақталып кете береді. Әрқайсысының өзінің пірлері, ұлы тұлғалары бар. Миллиондаған аудитория оларды төбесіне көтеріп, құрмет тұтады, ардақтайды. Үйлерінің төріне суреттерін іледі. Қымбат журналдардың да бірінші бетінде солардың бейнелері жарқырай көрінеді. Қадірі, тіпті аспандағы жұлдыздан да асып түседі. Өйткені олар да жердегі «жұлдыздар». Яғни бүгінгі жаһандық мәдениеттің беталысы, бағыт-бағдарының өзі эстрадаға кең арна, даңғыл жол ашты. Себебі ол үлкен табыс көзі, бүгінгі тілмен айтқанда, «шоу-бизнеске» айналды. Өз елімізде де «қазақ эстрадасы» деген ұғым санамызда берік орнықты. Теле-радиолардан эстрадалық әндер үздіксіз беріліп, той-жиындарда да дамылсыз орындалып жатады. Эстрадалық әндердің халыққа өтімді болатын себебі – олар жай ғана әуен күйінде емес, түрлі музыкалық өңдеулермен әшекейленіп, әдіптеледі. Осы тұрғыдан алғанда, ортаңқол деген әннің өзін компьютерлік бағдарламалар арқылы құлпыртып жіберуге болады. Негізгі әуеннің айналасында тұтас бір сазды өрнектер, адам сезіміне, жүрегіне әсер ететін аспаптық үндер ілесе жүргенде тыңдаушының да көңіл күйі тебіреніп кетеді. Халықтың сан ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан ұлттық әрі дәстүрлі әндері де эстрадалық қалыпқа салып жібергенде өзгеріп сала беретіні содан.
Бұл да, айналып келгенде, манағы айтқан техника мен технологияның ықпалы. Әрине, эстрадалық әндердің ішінде татымдысы да, татымсызы да бар. Қайта-қайта тыңдаудан жалықтырмайтын да, бір тыңдағаннан кейін, оған қайтып оралғың келмейтін де әндер болады. Бұл енді әннің жалпы бітім-болмысына, сөзіне, орындаушысының шеберлігіне байланысты дүние. Бірақ, бір қызығы, қандай мықты немесе осал әнші болса да, олардың халық арасында өз тыңдаушысы табылады. Бірақ осы салада жүрген кейбір әншілердің тыңдарманды таңғалдырамыз, көштен қалмаймыз деп, небір тәжірибелерге барып жатқанын айтпай кетуге болмас. Мақсат – не істесе де, әйтеуір, әнді өткізу. Яғни қазіргі заман терминімен айтқанда – хит жасау! Осындай мақсаттың соңынан қуған әншілер өздерінің шығармашылығы арқылы ән дейтін ұлы дүниені тым арзандатып, жеңіл-желпі етіп, сөзін күлкіге айналдырып жүргендерін бір сәт ойласа екен дейсің. Мысалы, бүгінгі әндердің тақырыптарына зер салсаңыз, жағаңызды ұстайсыз.
Ұяттан жерге кіріп кете жаздап, кешегі Шәмші заманындағы ғажайып туындыларды іздей бастайсыз. Бажайлап қарасақ, бүгінгі эстрадалық әндердің біраз тақырыптары былай болып келеді екен: «Шайтан қыз», «Тартынба», «Қатыным», «Қисық қабырғам», «Болашақ бомба», «Сұрама», «Қаласаң қала ғой», «Қырсық қыз», «Ақша жоқ», «Шай ішейік», «Шешең аман ба?», «Қызық сезім», «Көніп тұрсың ғой», «Қылығыңнан», «Басымды қатырма», «Бай болшы дейсің», «Бос мойын», «Жоқ менде», «Жаңалығымсың», т.т. Бұл аз десеңіз, арасында, қай тілге жататынын білмедік, небір сорақылары да кездеседі екен: «Ммууаа», «Бом бом», «Вай-вай», т.б. Кейбір қазақ әншілері өз ана тілдерінен жалыға бастаған болу керек немесе тағы да хайп (қазақша айтқанда «атың шықпаса жер өртеге» саяды) пен хит іздеу жолында туған тілдерін құрбандыққа оп-оңай шала салғандары ма, әндерінің тақырыптарын былай деп қоятын болыпты: «Достарым менің золотой», «Калинка моя», «Сюжет», «Оригиналсың», «Оригинал емес», «Королевамсың», «Просто хайп детка», «Проблема жоқ», «Факт», «Қуыршағым Наташа». Бұл әнді ғана емес, қазақ тілін де, оның ішінде мемлекеттік тілді де қорлағандық! Мұны басқаша не дерсіз? Ән тақырыптарына қарап-ақ, ішіндегі мәтіндерінің қандай дәрежеде екенін түсіне беруге болатын шығар. Осындай әндердің атауларынан эстетикалық, тәлім-тәрбиелік мән табу қиын. Бөтен тілдегі сөздерді араластырып, оны қойыртпақ етудің қаншалықты қажеттілігі бар еді? Осылай кете беретін болса, ендігі он жылда тілімізді танымай қалып жүрмесімізге кім кепіл? Әлде осы туындыларды орындаушы әншілер қазақты былай қойып, өзге тілді халықтардың назарын аударғысы келе ме? Сонда дейміз-ау, өзге ұлттардың түсінігінде қазақтың тілі тек қана аралас сөздерден тұрады екен ғой деген ұғым қалыптаспай ма?
Асылында, өнер деген әсемдік пен көркемдік әлемі. Демек, оның өлеңі де, тақырыбы да көркемдіктің талаптарына жауап беруі керек. Кешегі ғажайып әндер, мысалы, «Арыс жағасында», «Құстар қайтып барады», «Ақ бантик», «Алматы түні», «Қайықта», «Бәрінен де сен сұлу», «Бақыт құшағында» тәрізді әндердің өзі ғана емес, тақырыптары да лирикалық сезімге тұнып тұратын. Адамды жақсылыққа, ізгілікке, сыйластыққа үндейтін. Ал жоғарыда аты аталған әндерден қандай тәлім алуға болады? Демек, мәселені заңдық тұрғыдан реттейтін кез келді! Әнші болсын, кім болсын тілді көпе-көрінеу бұзды ма, қорлады ма, айыппұл түрінде болса да жауапкершілік арқалау керек.
Шынтуайтына келгенде, дүниеде өз тілін қазақтай сүйетін, қазақтай қадірлейтін ұлт жоқ. Дегенмен, өз тілін тиісті деңгейде бағалай алмайтын, оны небір бөтен сөздермен былғап жатса да міз бақпай жүре беретін қазақтар да, өкінішке қарай, арамызда бар. Көп болар, аз болар, мәселе онда да емес. Мәселе – намыссыздығымызда!
Эстрадалық әндерді көңілдіге жатқызып, халықтық әндерді мұңлы, тыңдалмайтындай көретіндерге айтарымыз, халықтық әндердің ішінде де ырғақты, жеңіл орындалатын, шырқ үйіріп билетіп те жіберетін әндер аз емес. Қазақтың сауықшыл, тойшыл, думаншыл болуының бір сипаты көңілді әндердің молдығында тұрған жоқ па? «Бипыл», «Гүлдерайым», «Дей салдым-ай», «Әги қалқаш Қазиза-ай», «Желкілдек», «Үш меркі», «Жас жүректің кілтін аш», «Ей, қалқа-ау», «Гәккугай» және т.б. тамаша шығармалар жоғарыда аталған әндердің атасындай емес пе? Бірақ мұндай әндерді қазір тыңдап жатқан халық та аз, орындап жүрген әнші де жоқтың қасы. Заман өзгерсе өзгерген шығар. Ескіні көксей беруден аулақпыз. Бірақ әннің артында ТІЛ дейтін қасиетті ұғымның тұрғанын есімізден шығармасақ екен. Сол әндерді естіп, қаншама ұрпақ тәрбиеленеді. «Музыка мен ән-күй балалардың мінез-құлқына, пейіліне, сезіміне өте үлкен әсер ететінін» (Сұлтанбек Қожахметов) ұмытпайық. Тіл тазалығын сақтау мәселесі күн тәртібінде тұрған қазіргідей кезде арқаны кеңге салып, жайбарақат жүруге болмайды. Әсіресе, тіл мәселесінде етек-жеңімізді қымтап, бар қазыналарымызды шашып алмай, рәсуа етпей, келесі ұрпаққа саф алтындай таза күйінде жеткізе алсақ, тарих бағалайтын өнегелі іс болмақ. Әл-Фараби бабамыз: «Музыканы рухымызға қатысты қарастыруымыз керек» деген екен. Ендеше, рухымызды жоғалтпай, тілімізді сақтаймыз десек, музыканың тағдырына бейжай қарамайық!